Бұл құрмет еді...

– Ауыл қалай? Ар жақтан шамамен екі-үш оқитын баланың даусы шықты.
– Жақсы, мама.
– Қарның ашпады ма?
– Жоға. Әжем үйінде бәрі бар, – деді баласы да. Шамасы бұл келіншек балаларды каникул басталғасын ауылға аттандырса керек.
– Ботам сол, жақында біз де барамыз.
– Иә, мен қазір әжемнің қасында ұйықтап жүрмін, мама.
– Әжең ұрыспай ма?!
– Жоқ та...
Дәл осы сәтте ар жақтан баланың үніне аралас кемпірдің даусы шыға қойғаны. Қызық енді басталды. Манағы жырқылдаған келіншек түрін тез жиып алды. Шамасы, енесі шығар, видеоқоңыраумен сөйлескен немересінің телефонына үңілген болуы керек, біздің бергі жақтағы кейіпкеріміз бірден абыржып қалды.
– Әй, бұл қайсысы еді?! Ар жақтан кемпірдің даусы анық естілді.
– Мама ғой, әже. Кішкентай ұл түсіндіріп әлек.
– Әй, шешең жардай болып, мынаның ішіне қалай сиып кеткен?! Құдай да шебер екен-ау.
Кемпіріңнің даусы қытқыл екен. Жақтырмағаны көрініп тұр. Оқиғаны барлап мен тұрмын мында. Манағы телефонға үңілген жуан жеңгей кемпір даусынан кейін қалбалақтап, тіпті, телефонын қолынан түсіріп ала жаздады.
– Сәлем бердік, апа! Сасқанынан видеозванокке қараған күйі иіліп, сәлем салғаны. – Мен ғой, мен, Гүлхашимамын. Қалайсыздар? Кемпір мұның сәлемін ар жақтан байқады ма, белгісіз, оған қараған Гүлекең жоқ, тағы да еңкейіп сәлем салып үлгерді. Телефондағы енеге. Абдырағаны анық еді. Маңдайының тершігені соның белгісі ғой.
– Әә, қарғам, өркенің өссін, етегіңе берсін. Кемпірдің де даусы лезде жұмсарды.
Мұны көрген мені әуелде күлкі қысқанмен арты әжәптеуір ойландырғаны. Есіме ескі естелік келген.
...Ауылда ғой. Төрт құлақ етіп салынған мола басына бармас бұрын шырақшыны ертіп әуелі Базарқожа баба басына құран оқытамыз. Мен ес білгелі солай еді бұл. Осында жатқан, бақиға аттанғанның барлық жақыны әуелі әулиеге бармай, қайтқан өз әке-шешесі не бауырының басына бармайды. Алдымен әулиенің екі жүз жылдан бері құламай келген әулиенің қам кірпішті қорымына тізе бүгіп, шырақшы оқыған Құран мақамына іштей мүлгіп, бет сипайсыз. Содан соң мұнда жатқан жақыныңа барып, топырақ салып, «тие берсін» айту парыз.
Айтпағым басқа еді. Әкем атам мен апам жатқан төрт құлақты тамның басына келгенде ізінде мен де бармын. Шешем де бізбен бірге. Құран басталмай жатып көргенім, шешем қос қолын айқастырып, иілген күйі «сәлем бердік» деді. Кәдімгі тірі ата-енесін көргендей істеді бұны. Бәзбіреулер қыртып жүрген аруаққа табынушылық емес, бұл шынтуайтқа келгенде құрмет еді.
Сәлем ғой айтпағымыз. Ауылдағы мен өскен үй қара шаңырақ болса, Ұрымхан апа «қайнаға мен шешейдің орны ғой» деп шаңыраққа сәлем салатыны бар. Қайнаға мен шешейі «түйе қарап кетсе де» құрметі әлі түгесілмепті.
Айтпақшы, мың жерден шал-кемпірдің ерні тиген, бұла болып өскен менің өзім сәлемдесуге келгенде ұмытпайтын бір қағидам бар. Оны да атам мен әкемнің, ағаларымның кішкентайымнан үйреткені. «Ассалаумағалейкумді» айтқанда даусыңды анық қып, еңсеңді көтеріп амандас». Ыждағатсыз берген не алған сәлемнің қайыры аз дейтін олар.
Сәлемді қалай берудің өзі құрметке жетелейді емес пе?!
Ержан Қожас