Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда 4 адам мұз астына түсіп өлді: Оқиғаға қатысты жаңа деректер жарияланды

Аралда 4 адам мұз астына түсіп өлді: Оқиғаға қатысты жаңа деректер жарияланды

Қызылорда облысы Арал ауданында 4 адам көлікпен мұз астына түсіп кеткен оқиға бойынша жаңа деректер белгілі болды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жөнінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Саид Молдақараев айтып берді. Келеңсіз жағдай Арал ауданына қарасты Қамбаш көлі аумағында болған.
Оның айтуынша, 8 желтоқсанда болған оқыс оқиға барысында жүргізуші, қасында отырған адам мен артқы бөлігінен бір адам көліктен шығып үлгереді. Төрт адам көлікпен бірге мұз астына кетеді.
Хабар түскеннен кейін жедел құтқару жасағының құтқарушылары іздестіру жұмыстарын жүргізді.
«Түнгі уақытта іздеу жұмыстары тоқтатылып, кейінге шегерілді. Бүгін, 9 желтоқсанда таңғы 7.30 шамасында құтқарушылар іздеуді қайта жалғастырды. Су астынан 7 метрдей тереңдіктен көлік табылып, суға кеткен төрт адамның мәйіті табылды.
Сағат 8.50 шамасында алғашқы мәйіт сыртқа шығарылса, арада 15 минут өткенде олардың барлығының жансыз денесі полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Оқиға Қамбаш көлінің жағалауынан 3 шақырым қашықтықта болған», - деді департамент басшысының орынбасары.
Жыл басынан бері облыста осыған ұқсас 5 келеңсіз жағдай тіркеліп, 9 адам көз жұмған.

10 желтоқсан 2020 ж. 448 0