Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақ басшысы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаевпен кездесті

Аймақ басшысы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаевпен кездесті

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаевпен кездесті.
Аймақ басшысы бірлескен жұмыстар шеңберіндегі екіжақты әріптестік үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру, инновацияларды қолдау, индустриялық жобаларды дамыту барысы бойынша өзара әңгімелесті.
«Сіздің Сыр жеріне табан тіреп, арнайы келгеніңізге алғыс айтамын. Өзіңіз білесіз, шыны зауыты өңірдегі ірі индустриялық жобалардың бірі саналады. Жобаны жүзеге асыруда белгілі бір қиындықтар болды. Жалпы бірлескен күш-жігердің нәтижесінде жоба аяқталуға жақын қалды. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары 70%-ға аяқталып отыр. Қалған негізгі жұмыс – балқытылған ваннаға арналған жабдықты және қуыру пешін орнату мәселелері нәтижелі аяқталады деп сенемін. Мен сізге және сіздің әріптестеріңізге нысанның құрылысын соңғы деңгейге жеткізгеніңіз үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Жобаны жүзеге асыру барысында туындаған мәселелерді шешуге барынша көмек көрсеттіңіздер», – деді облыс әкімі.
Кездесуде өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова шыны зауытының жұмысы аяқталғаннан кейін зауыт айналасында 8 ілеспе зауыт ашылатынын, шыныны өңірде өндіру арқылы экономикаға табыс әкелуге мүмкіндік барын қаперге салды. Өңірде құрылыс, монтаждау және пайдалануға беру жұмыстарын аяқтау жөніндегі шараларды қамтитын Жол картасы әзірленуде. Сондай-ақ, шыны зауытының айналасында инвесторлармен бірге 4 жобаны жүзеге асыру басталды. Бұл шыны пластиктен жасалған құбырлар, шыны талшықтар, айналар, шыны ыдыстар мен контейнерлер өндірісі.
Өз кезегінде Басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев Қызылорда облысы экономиканы дамытуға қолайлы аймақ саналатынын, өңірде инвестиция тарту мәселелері бойынша бірлескен жұмыстарды қолдауға дайын екендіктерін тілге тиек етті.
Кездесу соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақтағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.

kyzylorda-news.kz
10 желтоқсан 2020 ж. 450 0