Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қағазбастылықтан электрондыққа дейін

Қағазбастылықтан электрондыққа дейін

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тарихы: қағазбастылықтан электрондыққа дейін
Тәуелсіздік алғаннан бастап елдің қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістер мүлдем жаңа институт – мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласының туындауына алып келді.
Мемлекет әрқашанда мемлекеттік қызметтер көрсеткені анық. Дегенмен, бұл қызметті процедура ретінде мойындау тек қана дамудың демократиялық тұғырына өткеннен кейін ғана мүмкін болды.
Мемлекеттік қызметтер көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету маңызды. Себебі осы көрсеткіш қоғам мен оның әрбір азаматының қажеттіліктеріне мән беру дәрежесін айқындайды. Бұл саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер мәселесі де өзінің маңыздылығын жоғалтпай отыр және бұл кездейсоқтық емес.
Мемлекеттік қызметтер көрсету саласы өз табиғатында, мемлекеттік аппарат қызметінің сыбайлас жемқорлыққа бейім бағыттарының бірі болып табылады. Осы салада қызмет көрсетушілер мен мемлекеттік қызметтерді алушылардың, яғни қарапайым азаматтар, кәсіпкерлер және т.б. арасында тікелей қарым-қатынас жүзеге асады.
Ең алғаш рет мемлекеттік қызметтер көрсету тізілімін қалыптастыру бойынша тапсырма Елбасының 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында белгіленіп, сол жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №561 қаулысымен, құрамында 132 мемлекеттік қызмет көрсету түрі енгізілген тізілім бекітілген болатын.
Сол кезеңде, «е-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасы, «е-үкімет» төлемдік шлюзі, «е-нотариат» бірыңғай нотариалдық жүйесі сияқты жүйелер енгізіліп, халыққа электрондық сандық қолтаңбалар беріле бастады.
Мемлекет өзінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаларында мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламада алғашқы рет мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімдерін «электрондық» форматқа өткізу бойынша міндеттер қойылды.
Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында мемлекеттік қызметтер көрсетуді автоматтандырумен қатар, «бір терезе» қағидасы бойынша көрсетілетін қызметтер тізімін кеңейту міндеті де көрсетілді.
Ұйымдастырушылық және технологиялық мәселелермен бірге, бірінші кезеңде мемлекеттік қызмет көрсетулер процестерін оңтайландыру мен автоматтандыру бойынша мемлекеттік саясатты құқықтық қамтамасыз ету де шешілді. Осылайша, мемлекеттік қызмет көрсетулер процесін оңтайландыру мен автоматтандыруға негіз болған заңдар қабылданды.
Мемлекеттікқызметтер көрсету саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша іс-шаралар қатарында мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді стандарттау және регламенттеу қадамдарын жатқызуға болады, себебі мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарында ең алғаш рет қызмет көрсетулер процестеріне қойылатын талаптар көрініс тапты. Регламенттеу мемлекеттік қызметтер көрсету процестеріндегі өзара қарым-қатынастарды реттеудегі маңызды тетікті құрай отырып, стандарттау процесінің жалғасы болды.
Бүгінгі таңда, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміндегі қызметтер саны - 698 болып бекітілген.
Әлеуметтік-еңбек саласында 44 қызмет түрін көрсету көзделген, оның 38 қызметі электрондық түрде көрсетіледі, ал оның ішінде, 18-і проактивті түрде, яғни азаматтың қатысуынсыз автоматты түрде тағайындалатын төлем, не қызмет.
Мемлекет басшысы зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау процестерін толық цифрландыруды тапсырған болатын. Бұл жұмыстың негізгі бағыты - мүмкіндігінше барлық қызметтерді проактивті форматқа көшіру, яғни қызмет көрсету бастамашысы азамат емес, мемлекет болады. Барлық қажетті мәліметтер, ақпараттық жүйелердің өзара іс-қимыл жолымен қалыптасады. Азамат тек қызметтерді алуға келісім ғана беруі қажет болады.
Проактивті қызмет түрі - қызметті берушімен алушының байланысын болдырмайды, қызмет көрсету уақытын барынша қысқартады, қағазды құжаттарды жинаудың және уәкілетті органдар қызметкерлерінің қатысу қажеттілігін жояды.
Мысалы, бұған дейін көпбалалы отбасына жәрдемақы тағайындау үшін өтініш беруші қағаз түріндегі қажетті құжаттарымен Мемлекеттік корпорацияға жүгінетін. Ол үшін алдын ала сол құжаттарды алу үшін бірнеше ұйымдарға барып, уақытын кетіретін.
Ал, бүгінде осы процесті автоматтандырудың нәтижесінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жүйесіне басқа ақпараттық жүйелерден қажетті жеке тұлға және балалардың туылуы мен саны туралы мәліметтер проактивті түрде түседі. Сол мәліметтердің негізінде автоматты түрде жәрдемақы тағайындалып, көпбалалы анаға ол туралы SMS-хабарлама жіберіледі.
Жылдан жылға электрондық түрде көрсетілетін қызметтер саны ұлғаюда. Қазіргі таңда мемлекеттік тізіліміндегі 698 қызметтердің 85,5 пайызы электронды түрде көрсетілуде.
Алдымызда осы көрсеткішті 90 пайызға жеткізу мақсаты тұр. Осы ретте қабылданған шаралар қызмет көрсетушілердің тиімділігін арттыруға, әкімшілік кедергілердің азаюына ықпал жасайды.
Әлия ИСКАКОВА
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы
25 желтоқсан 2020 ж. 402 0