Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ана тілдің мәртебесін ардақтау – парызымыз

Ана тілдің мәртебесін ардақтау – парызымыз

Еліміз өркендеп келеді. Елмен бірге қазақ тілі –  мемлекеттік тіліміз де жетілуде. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев 1997 жылы Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заңға қол қойды. Бұл құжаттың ерекшелігі – Елбасының араласып, қадағалауында болғандығы.
Бүгінде қазақ тілінің мәртебесі мемлекеттік тіл ретінде күшейіп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі болатын кезеңі келіп жеткендігін, сол үшін баршамыз бірігіп жұмыс істеуіміз керектігін де баса айтты.
Шындығында, тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Тіл мәселесіне бей-жай қарап, немқұрайдылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін. Бұған Украинаны мысалға келтірсек те жеткілікті. Президент айтқандай, мемлекеттік қызметке, оның ішінде халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі. Тағы бір мәселе – телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру. Яғни арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін, топырағымыздан  тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет.
Мемлекет басшысының сөзінше, қазақ тілінің мәртебесін арттыру жолында кинематографияның да алар орны ерекше. «Меніңше, Орталық Азиядағы көршілеріміздің тәжірибесі бізге пайдалы әрі үлгі боларлықтай. Қазақ тілінің мәртебесін арттыру жолында кинематографияның да алар орны ерекше. Бізге тарихи оқиғаларды дәріптейтін, қазіргі қоғамды да бейнелейтін сапалы дүниелер керек. Осындай өркениетті қадамдардың нәтижесінде ғана қазақ тілі ғылым тіліне айналады», – деді Президент.
Ана тілімізді құрметтеп, мәртебесінің биіктеуі жолында бірлесе қызмет ету  – әрбір қазақстандықтың борышы.
Н. Боқаева,
Арал ауданының полиция бөлімінің 2-арнайы тобының инспекторы, полиция капитаны
05 қаңтар 2021 ж. 564 0