Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық рухтың негізі – ана тілі

Ұлттық рухтың негізі – ана тілі

«Адамға екі нәрсе тірек тегі, бірі – тіл, бірі діннің жүректегі,»- деп Ж.Баласағұн бабамыз айтқандай, кез-келген мемлекеттің, елдің ең негізгі рәмізі деп , ұраны да, тіршілігі де сол елдің ана тіл болмақ. Тіл - кез-келген халықтың бай мұрасын әлемге паш ететін табиғи құбылыс.
Әлемде 2500-ден астам тіл бар. Олардың нақты санын дәл айту мүмкін емес. Деректер бойынша, әр жыл сайын, әр ай сайын, тіпті, күн сайын бір тіл жойылып отырады. Қазіргі таңда көптеген тілдердің жойылып кету қауіпі бар. Қазақ тілі сөйлейтін адамдарының саны жағынан әлемдік тілдер арасында 70-ші, ал тіл байлығынан үшінші орында. Сену қиын десек те, деректер осылай. Ең бай тіл саналатын араб тілінде 12 миллион 300 мың сөз болса, бұл көрсеткіш ағылшын тілінде 750 мың, қазақ тілінде 600 мың, ал испан тілінде 300 мың, орыс тілінде 150 мың екен. Демек, қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің төрінен орын алады.
«Ана тілі — халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», - деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі болуы керек.Тіл — ұлттың жаны. Ол халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі — оның бақыты мен тірегі. Тілін жоғалтқан халықтың жеке мемлекет болып басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұра алмайтындығы тарихтан белгілі.
Еліміздің тәуелсіздігінің басты нышандарының бірі - мемлекеттік тіл. Өзінің болашағын ойлайтын мемлекеттің қоғамдағы тілдің рөліне, мәртебесі мен қолданылу аясына, дамыту мәселелеріне баса мән беруі – заңды құбылыс. Бүгінгі таңда елімізде мамыражай бейбітшіліктің сақталуы, жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің тыныштық пен татулықта өмір сүруі – ең біріншіден, қазақ халқының жүрегінің кеңдігінің, қонақжайлығының, бітімгершілік болмысының арқасы. Қазақ тілі елдің мемлекеттік тілі болумен қатар, Қазақстандағы барлық халықты біріктіретін құдіретті күш!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған алғашқы жолдауында қазақ тілінің мәртебесін өсіру қажеттігіне байланысты "Қазақ тілінің мәртебесі мемлекеттік тіл ретінде күшейіп келеді. Ұлтаралық қатынас тілі болатын кезең келіп жетті. Алайда ол үшін бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз керек" деген еді. Сондықтан мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қызығына айналдыру – әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті.
Әлия Меңдібаева,
Арал ауданаралық әділет басқармасының бас маманы,
ҚР Заңгерлер одағының мүшесі
24 желтоқсан 2020 ж. 2 300 0