Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсы әкенің 10 сипаты қандай?

Жақсы әкенің 10 сипаты қандай?

Бүгінгі таңда ер балаларымызға жігіттік, қыз балаларға ұяңдық жетіспей жүр. Отбасында әкенің рөлі маңызды. Көпшілігіміз ананың қадір-қасиетін дәріптейміз де, әке образы екінші орынға жайғасып жатады. Алайда, әке міндеті, әке тәрбиесі, әке болмысы балаға бірден-бір әсер ететін фактор.
Қыз бала болса да, ұл бала болса да, әке тәрбиесінің орны бөлек. Жақсы әке болу үшін қандай қағидаларды есте ұстаған жөн? Біле жүріңіз:
1. Балаларыңның анасын құрметте
Жанұяда ата-ана сыйластығын көрген бала қай жерде болмасын өз қадірі мен сыйын біледі. Өзгенің де сезімін бағалайды.
2. Уақыттың көп бөлігін балалармен өткізген дұрыс
Жұмысбасты адамдардың балалары мейірімге мұқтаж болып өседі. Балаға тәрбиені белгілі бір кезеңде ғана сіңіре алатыныңызды ұмытпауыңыз керек.
3. Баланы үнемі тыңдай білу керек
Оның айтып отырған сөзі маңызды болмаса да, тыңдап үйрену қажет. Балаңыз есейген болса, оның идеялары мен проблемаларына баса назар аудару қажет.
4. Жазалауға жақын болмаңыз
Кінәлі болса, ақылмен түсіндіріңіз. Қандай мәселе болмасын, әділ шешім қабылдаңыз.
5. Үлгі тұтарлық тұлға болыңыз
Балаларыңыз өзгеге еліктемесін. Қызыңыз сізге қарап, болашақ жарын елестетсін, ұлыңыз өзін сізбен салыстырып үйренсін.
6. Балаларға жақсы ұстаз бола біліңіз
Ақ пен қараны ажыратуды үйретсеңіз, келешек ғұмырда дұрыс таңдау жасайтыны сөзсіз.
7. Бірге тамақтаныңыз
Үстел басындағы отырыстың да тәрбиеге әсері зор. Бала өзін еркін сезініп, күнделікті іс-әрекеттерімен үнемі бөлісіп отыруға дағдыланады.
8. Кітап оқып беріңіз
Сәби күнінен бастап, өзіңіз оқып беріп, өзіңіз түсіндірсеңіз, жеке тұлға болып қалыптасу жолында жаңылмайды.
9. Қамқор болыңыз
Өзін қауіпсіз ортада сезінген бала жасқаншақ болмайды.
10. Әкенің міндеті ешқашан таусылмайды
Балалар өскеннен кейін де әкенің ақылына жүгінетін кездері көп болады.

asyldin.kz
11 қаңтар 2021 ж. 590 0