Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы – тәрбие бастауы

Отбасы – тәрбие бастауы

Тәрбиенің бастауы, қайнар көзі – отбасы. Отбасы шағын мемлекет. Осы шағын мемлекет басшысы – ата-ана. Мемлекет басшысына қарап халқы бой түзейтіні сияқты, ата-анасына қарап баласы өседі. Отбасының балаға берері де, үйретері де көп.«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дегендей, бала кішкене кезінен бастап өз ата-анасына қарап еліктегіш, олар не істесе соны істеп, солардан үйренгісі келіп, соларға ұқсағысы келіп тұрады. Ата ананың басты міндеттерінің бірі – баланы, әсіресе, сәби кезінен ұқыптылыққа, жинақылыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Жас ұрпақ – біздің өміріміздің тікелей жалғастырушысы ғана емес, еліміздің тірегі, мызғымас болашағы. Адамзаттың өмірдегі ең қымбаттысы, көз қуанышы – бала. Балаға «ананы істе», «мынаны істе», «олай жасама» дегеннен гөрі, өзін үлгілі жағынан көрсете біліп, баланы еңбекке баулу арқылы жемісті тәрбиеге қол жеткізуге болады. Ол үшін балаларды жаман, жақсы деп бөлмей, бірлесіп, аяғынан нық тұруға көмектесу керек. Нашар бала болмайды. Баубақшаны баптап, күтіп суарсаң ғана жемісіне кенелесің. Сол сияқты баланың теріс мінездерін үнемі қадағалап, түзету – қоршаған ортаның, яғни ата-ана мен мектептің міндеті. Өмір шындығына жүгінсек, тәрбие бастауы ана сүтімен дарып, өскен ортасынан қалыптасады. «Тәрбие басы – тал бесік», «Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің!» деген қазақ мақалы тегін айтылмаған. Ұл әкесіне, қыз шешесіне қарап бой түзейді. Өйткені бала ересектерге қарап еліктейді, жақсыны да, жаманды да солардан үйренеді.
Балалық шақ – адам өміріндегі ең маңызды да ерекше уақыт. Сондықтан осы кезді тиімді пайдалану өте маңызды. Бала өскен сайын әурешілігі де көбейе түседі. Яғни баланы әлі бала деп қарамай, ертерек тәрбие беруді қолға алған жөн. Ата-бабамыз ұрпақ тәрбиесіне аса зор мән береді. Оны әбден түсінген халық: «Балаңды беске дейін патшадай күт, он беске дейін қосшыңдай жұмса, он бестен кейін құрдасыңдай сыйла» деп бүкіл тәрбиелік тағылымды үш-ақ сөзге сыйдырады. «Патшадай күт» дегені – қамқоршы бол, өсір, мәпеле, жас шыбықтай баулы дегені, «қосшыңдай жұмса» дегені – жәрдемшің ет, жұмысқа сал, буынын бекіт, еріншектерден аулақтат дегені, ал «құрбыңдай сыйла» дегені – балаңа ес кірді, ақыл иесі болды, енді оның отау құруы жақын, оның да түбі өзіңдей ұрпақ қамқоршысы болатынын естен шығарма дегені. Ал осы ұлағатты сөзде ұрыс, ренжіт, қорқыт, еңсесін түсір деген бірде-бір сөз айтылмайды. Қазақтың ұрпақ өсіру пәлсапасы, міне, осындай қарапайымдылыққа құрылған.
«Тәрбие – отбасынан басталады» демекші, баланың отбасынан көрген-білгені оның бүкіл өміріне жолдама болып қалмақ. Ата-ана баласына көбірек көңіл бөлмесе, таңертеңнен кешке дейін теледидардың алдында отырған өскіншек керектіні де, керексізді де өзінің бойына талғамсыз сіңіре береді. Нәтижесінде бала психикалық ауытқушылыққа ұрынуы да мүмкін. Балалар ата-аналарынан гөрі, өз заманына ұқсайды деген сөз бар. Ата-аналар балаларының қай заманда өсіп жатқанын ескермейді, бала тәрбиесі назардан тыс қалып жатады. Бүгінгі күнде күнкөріс қамы бірінші кезекке шықты, балаға әр күні ең болмағанда 2-3 сағат көңіл бөлу жөн.
Ұрпағымыздың бойында ұлттық тәрбиені, имандылық қасиеттерді жетілдірсек, сонда ғана халқының салтын жақсы білетін, ата-анасын сыйлайтын, ел үшін еңбек ететін азаматты қалыптастырамыз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің сөзімен түйіндесек: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне азап әкеледі» деген екен өркениет шырақшысы.
Әділбек Әуезханов,
№81 орта мектептің педагог-психологі,
«Қазақ психологиялық қоғамының» мүшесі Қызылжар ауылы.
23 ақпан 2020 ж. 15 806 0