Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Депутаттар сапалы заңдарды қабылдау керек

Депутаттар сапалы заңдарды қабылдау керек

Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуына қатысып, құрамы қайта жаңарған депутаттардың алдында халық мүддесі үшін маңызды деген бірқатар мәселелерді күн тәртібіне қойды. Әсіресе заң шығарушы орган ретінде мемлекеттің өкілетті билігін иемденген депутаттарға сапалы заңдар қабылдап, өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналудың маңызы зор екенін тілге тиек етті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Қоғам өкілдері мен сарапшылар заң жобаларын дайындау ісіне барынша атсалысуы керек. Азаматтардың наразылығын туғызуы мүмкін даулы мәселелер бойынша тиімді кері байланыс орнату – басты талаптың бірі. Парламенттің алдында маңызды екі міндет тұр. Бұл – сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу. Жалпы, еліміздің заңнама жүйесін кешенді түрде жетілдіру керек. Заң нормаларын әзірлеу барысында біреулердің жеке мүддесіне бола лобби жасауды түп-тамырымен жою қажет. Сіздер, ең алдымен, сайлаушылардың сұранысын басшылыққа алып, тәуекел мен қатердің бәрін де саралауға тиіссіздер. Депутаттар әрдайым қоғам тынысын аңғарып, тамырын дөп баса білгені жөн. Парламент – ел мүддесі үшін аянбай қызмет ететін қайнаған жұмыс ортасы. Халқымыз бізден оң өзгерістер күтетінін әрдайым есте ұстаған абзал. Сондықтан, шешім қабылдау кезінде асқан жауапкершілік танытуларыңыз қажет,-деді сессияда.
Расында халық сеніміне ие болып, табысты реформалар мен жүйелі заңдарға мұрындық болатын өкілетті билік өкілдеріне зор сенім жүктеліп отыр. Сол сенім үдесінен шығуда бірлесе жұмыс атқаратын түрлі деңгейдегі депутаттардың қоғам дертіне дауа болып, халық үніне құлақ асатын мемлекеттің шынайы көрінісін айқындай түседі деген ойдамыз.

Аманжол Жолмағамбетов,
КСРО және ҚР Халық ағарту ісінің озық қызметкері

15 қаңтар 2021 ж. 477 0