Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда горнизонында түлектер алғашқы рет қарудан оқ атты

Қызылорда горнизонында түлектер алғашқы рет қарудан оқ атты

Қызылорда гарнизонында Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі «Әскери-техникалық мектебінің» Қызылорда қаласындағы филиалының курсанттары оқу жоспарына сай алғашқы қарудан оқ атуларын өткізді.

Қызылорда гарнизонында Қызылорда қаласы әскери-техникалық мектебінің барлық сарбаздары өздерінің әскери ант қабылдау рәсімі алдында екі рет қарудан оқ ату тәжірибесінен өтеді. Соның алғашқы оқ ату іс-тәжірибесі болып та үлгерді. Қарудан ату барысында барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен нормалар сақталды. Аз уақыт ішінде түрлі әскери теориялық сабақтарды оқып үйреніп, әскери тәртіппен танысып, оқыған білімдерін тәжірибеде қолдарына қару ұстап сынап жатқан сарбаздардың жүзінен қуаныш сезімдерін байқауға болады. Қаруды қалай қолдану керектігі мен тактикалық дайындықты меңгерген сарбаздардың көрсеткен нәтижелері жақсы деуге болады. Ал, біраз түлектер алдағы ант қабылдау рәсімі алдында өтетін екінші мәрте қарудан оқ атуды асыға күтетіндерін жасырмады.
«Әскери мектептің оқытушылары өз ісінің шеберлері. Осында болған аз күн ішінде патриотизмге, әскери өмірге және Отан сүйгіштікке жоғары деңгейде даярлап жатыр. Соның дәлелі, бүгін біз теориялық тұрғыдан оқып үйренгенімізді іс-жүзінде қолданып, қарудан оқ атып өзімізді нағыз сарбаз ретінде сезініп жатырмыз. Болашақта Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне қызмет етсем деген арманым бар», - дейді Қызылорда қаласы әскери-техникалық мектебінің түлегі, курсант Бердан Үсейін.
Әскери мектеп қысқа мерзім ішінде жас өрендердің қарудан оқ атудан басқа да әскери өмірдің қыр-сырын меңгеруіне мүмкіндік беретіндігін, курсанттардың «атқыш» мамандығын аяқтағаннан кейін Қарулы Күштерімізге қызмет ететін азаматтардың саны артқанын атап өткен жөн.
Мұхит Қонаров,
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, сержант 

27 қаңтар 2021 ж. 498 0