Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Декларация тапсырудағы жаңа өзгерістер түсіндірілді

Декларация тапсырудағы жаңа өзгерістер түсіндірілді

Қызылорда гарнизоны әскери бөлімінде жыл сайынғы салық декларацияларын тапсырудағы өзгерістерге байланысты бөлімнің тәрбие және идеологиялық жұмыстары басқармасының қызметкерлері салық комитеті өкілдерінің қатысуымен түсіндірме сабағын ұйымдастырды.
Аталған іс-шара санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып жүргізілді. Салық комитеті өкілдерімен кездесуге бөлім басшылығы мен рота командирлері тартылды. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген жалпыға бірдей декларациялаудың алғашқы кезеңі туралы жан-жақты мазмұнды баяндама жасалды.
Салық қызметшісі Қуаныш Мұратұлы өз баяндамасында жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылдан бастап кезең-кезеңмен енгізілетінін, ағымдағы жылдың 1 қаңтардан бастап, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары тапсыратындығы туралы айтып және осыған ұқсас көптеген сұрақтарға тоқталып өтті.
Қаржы министрлігінің Үкіметке жалпыға бірдей декларациялауды кезеңдермен енгізу туралы ұсыныс жасағаннан кейін, табыс пен мүлікті жария ету шарасы төрт кезең бойынша іске асырылатыны белгілі болды.Осы аталған өзгерістерден кейін, яғни, жалпыға бірдей декларациялау енгізіліп жатқандықтан бөлім әскери қызметшілері де декларация тапсырудың жаңа форматына көшті. Айта кетсек, декларация 2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 250.00 нысанда, тұрғылықты жері бойынша тапсырылады. Сұрақ-жауап түрінде өткен сабақта барлық қызметшілер өздеріне керекті көптеген сұрақтарына жауап алды.
Жиын соңында бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары, подполковник Арслан Абиев шара қатысушыларына жеке құрамға аталған бағыттағы тақырып бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуге және декларация тапсыруда жауапкершілік танытуға тапсырма берді.
Мұхит Қонаров,
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, сержант 

04 ақпан 2021 ж. 479 0