Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Салық заңнамасындағы өзгерістер талқыланды

Салық заңнамасындағы өзгерістер талқыланды

   Өткен жылдың соңында еліміздегі салық заңнамасына бірқатар өзгерістер енгізілгені көпке мәлім. Яғни, сол өзгеріске ұшыраған заңнамалық актілердің жаңа жылдың басынан бастап қолданысқа еніп жатқаны да көпке аян. Сол салық заңнамаларындағы актілерді халық арасында кеңінен түсіндіру мақсатында, аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Салық және басқа да бюджетке төленетін төлемдер кодексі туралы семинар болып өтті. Семинарға Арал ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Б.Дүйсенов төрағалық етті. Аталмыш семинарда Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары болды. Сонымен қатар, басқосуға аудан бойынша мемлекеттік ұйымдар, мекемелер, мемлекеттік емес ұйымдар, заңды тұлғалардың өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.
   Қазіргі таңда қоғамдағы жетекші саланың біріне айналған кәсіпкерлік саласы десек, бұл салаға бағытталған басымдықтардың да үлесі өзгелерден басымдау. «Жалпы кіріс, өндірістік емес төлемдер» бойынша хабарлама жасаған Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы А.Айдыханов салық заңнамасындағы бірқатар өзгерістерге кеңінен тоқталып, ондағы жалпы кіріс пен өндірістік емес төлемдер төңірегінде сөз сабақтады.
  Мұнан соң, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Қ.Айтбаев «Қосымша құн салығы, Акцизделетін тауарлар, Кеден одағы бойынша салықтар» төңірегіндегі өзгерістерге хабарлама жасап, семинарға қатысушылар тарапынан түскен сұрақтарға заңдылығына сай тұшымды жауап берді. Салық заңнамасындағы «Камералды бақылау бойынша» орын алған өзгерістерге байланысты Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Л.Баярыстанова хабардар етті. Қатысушылар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды.
  Семинар соңында Арал ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Б.Дүйсенов облыстық департаменттен келген қонақтарға алғыс айтып, салық заңнамасында орын алған өзгерістерге жұмыс барысында әлі талай тоқталатынын және алда кезігетін түсініспеушіліктерді дер кезінде қалыпқа келтіруге бірлесіп жұмыс жасай беретінін сеніммен жеткізді.
«Толқын» ақпарат.
16 қаңтар 2018 ж. 1 615 0