Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ажырасу неге көп?

Ажырасу неге көп?

Ажырасу неге көп? Себеп сан түрлі... «Азарсың, жұртым, азарсың, Азарыңның белгісі:» деп басталатын Мөңке бидің келешекті болжай айтқан өлеңінде:
«Ішіне шынтақ айналмайтын,
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады, - деп келетін өлең жолдары бар.

Келешектің ұлы мен қызын, қала берді келінін екі ауыз сөзбен сипаттап берген бабамыз дәл бүгінгідей ажырасу деректерінің жиі тіркелерін білді ме екен... Бәлкім, осы бір ойы арқылы осындай ұл-қыздардың арасында бітімнің болмауын, отбасылық өмірдің көбіне сызат түсерін жеткізгісі келді ме екен. Шындығында, біз ауызша айтып қоя салатын «ажырасу» дейтін сөздің астарында тұтас бір ұлттың трагедиясы жатқанын сезе бермейміз-ау. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, қайбір істің дұрысы және бұрысы болады десек, біз тақырыпқа арқау еткелі отырған «ажырасу» жағдайының ақтап алатын жері де жоқ. Ер мен әйел екі жаққа кетсе, бір шаңырақтың уығы сынып, керегесі сөгіледі. Сондықтан болар, ажырасу десе үрке қарайтынымыз.
Соңғы он жылдағы дерек жаға ұстатарлық
Ұлттық Экономика министрлігі Статистика комитеті Қазақстанда соңғы он жылда ажырасушылар қатарының артқанын қынжыла айтады. Он жыл аралығында елде 1,5 миллион адамның үйлену дерегі тіркелсе, жарты миллионы осы уақыт ішіндегі ажырасушылар қатарынан табылған. Бұл – жаға ұстатар көрсеткіш! Әрине, мұндай статистика ата-аналар мен қазіргі қарияларды толғандырмай қоймасы анық. Мойындасақ та, мойындамасақ та шындық осы. Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі ерлі-зайыптыларға тең құқықтарды пайдалануды, тең міндеттер атқаруды, кәсіп түрін, тұрғылықты жерді таңдауға тең дәрежелі ортақ құқық береді. Әке-ана атану балаларды тәрбиелеуде де теңдей міндеттерді мойынға алуды көздейді. Бірақ көптеген ата-ана бүгінде осы жауапкершіліктің салмағын сезінбей жүр. Салдарынан ажырасу көп. Тіпті бұл қадамның дұрыс-бұрыстығына бас қатырып жатқан жұптар жоқ. Болмашы бір дүниеге бола өздерінің мойнындағы жауапкершілікті сезіне алмайтын, сезінген күннің өзінде оған бас қатырғысы жоқ жас жұбайлар көбейіп келеді. Адамның өмірі бар мен жоқтан тұратынын білсе де, оның қадірін білмей жататындар жетерлік.
Ресми көрсеткіш не дейді?
Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы М.Жұмашеваның мәліметінше, 2020 жыл бойынша некелескендер саны 517 болған. Ал неке бұзғандар саны – 33. Ажырасқандар неге аз деп отырған боларсыз. Себебі қазіргі уақытта азаматтарға неке бұзу туралы куәлік берілмейтін болған. Нақтысын алда айтатын боламыз. Айтуынша, аталған бөлімге ажырасудың түрлі себептерін алға тартып келетін тараптар қатары көп екен. Бірі – тұрмыстық жетіспеушілікті айтса, енді бірі – қызғаныш пен күмәннің себебін алға тартатын көрінеді. Тіпті айтыла бермейтін төсек мәселесін қозғап келетіндер де бар екен. Алдыңғы екеуі ақылға сыяр, соңғысын қалай түсінуге болады?! Басқасы басқа, төсек мәселесін жарияға жар салып, сылтауға айналдыратын азаматтарға қарап, қазіргі қоғамның жігіттері майдаланып бара жатыр ма деген ой келеді.
Енді ресми түрде ажырасқандардың нақты көрсеткішіне тоқталсақ. Бұл жөнінде аудандық соттың бас маманы Қ.Өтепбергеновтен білдік. Айтуынша, 2020 жылы аудандық сотта ажырасу дерегі бойынша 174 іс қаралған. Оның 117 ісі бойынша соттың нақты шешімі шыққан екен. 115 іс қанағаттандырылса, 2-і қанағаттандырусыз қалған. Қалған 44 іс медиация тәртібі бойнша сотқа дейін тоқтатылған. Тек 3 неке тараптардың татуласуы арқылы аяқталса, 3 жұп сотқа түсірген арыздарынан бас тартқан. Бұдан бөлек өзге де сипаттағы істер бар. Бұл көрсеткіштер аудан бойынша ресми тіркелгендері ғана. Ал бейресми қосылып, артынан ажырасып, дәм-тұзы жараспай жүргендер қаншама?! Әдетте бейресми деген сөздің арғы жағында «азаматтық неке» деген түсінік тұратыны түсінікті. Жастардың тағдыры мен талайлы жолын құртып жатқан да осы бір құйтырқы түсінік. «Бірге тұрып көрейік, жараспай жатсақ кете саламыз» деген қос жұптың қаншамасы қазірдің өзінде жас өмірін былғап, бардың санатында емес не жоқ санатында емес күйде жүр. Осындай көрсеткіштердің өзі біздегі ресми көрсеткіштерден ары болмаса, бері емес. Сонда жобамен есептеп қарайтын болсаңыз, еліміз бойынша әрбір тіркелген үш жұптың біреуі қайта бұзылып жатыр. Міне, ұлтқа төніп тұрған дерт те, қасірет те – осы.
Алты шаңырақтың іргесі ажырамасын»
Ертеде Сырым батыр кезекті жорықтан шаршап-шалдығып келе жатып, бір ылдидан түтіні түзу ұшқан ауылды көреді. Шабармандарының бірін жіберіп, кімнің ауылы екенін біліп келуді сұрайды. Сөйтсе атақты Мөңке бидің ауылы екен. Жолшыбай Сырым батырдың келе жатқанын естіген би оны өз ауылына қонақ етіп, құдаларымен бірдей жайлаған екен. Мөңке би құдайы қонақ ретінде ас жиюлы дастарқанның батасын Сырымға қайтаруды өтініпті. Сонда Сырым батыр: «Алты шаңырақтың іргесі ажырамасын» деп батасын қысқа қайырған екен.
Төрде отырған құдалардың бірі бұл батаның сырын түсінбек болып, Сырым батырдан сұрайды. Бұл сөздің астарына терең бойлаған Мөңке би: «Алты шаңырақтың іргесі ажырамасын» деген батаның астары бүгін отау тігіп жатқан қос баланың өз жұрты, нағашы жұрты және енді қосылып жатқан қайын жұртының өзара ауызбіршілігінің ажырамауын айтқаны. Екеуінің де үш-үштен алты жұрты бар. «Алты шаңырақтың іргесі ажырамасын» дегені осы, – депті.
Расында, аталған алты жұрттың өзара ауызбіршілігі болса, қазіргі жас отбасылардың ажырасу жағдайлары жиі тіркелмеген болар еді. Бұл мәселеде екі жастың ата-аналары мен туған-туыстары өзара тату болса және қайын жұрты келіннің немесе күйеу баланың сөзін сөйлесе, ажырасу деген нәрсе азайған болар еді.
Әмеңгерлік
Заманында халқымызда «әмеңгерлік» дейтін салт болған. Еріккеннен туған дәстүр емес бұл. Тап осы ажырасу немесе жесір қалып, жалғызбасты ана атанудың алдын алуды көздейтін дәстүр бұл. Жесірін ұзатпаған қазақ үшін бір кездері бұл дәстүрдің орны ерекше болатын. Қазір көнерген сөз ретінде қалып барады. Өмірлік жары, отбасының тірегі өмірден ерте кетіп жатқан жағдайда балалары мен келінді өзгеге жібермеу мақсатында сол шаңырақтағы қайын інісіне немесе қайын ағасына қалыңдыққа берген. Осылайша шаңырақтың береке-бірлігін сақтап, ажырасу мен жалғызбастылықтың алдын алып отырған халқымыз. Ағайынның ауызбіршілігі және өзара сөзбайласу арқылы шешім табатын қос тараптың мұндай үрдісі кейде қазіргінің адамдарына үлгі болса дейміз. Мұндай жандар қазір де жоқ емес. Әмеңгерлік талаптарына сай келетін тағдыр иелерінің де бірлі-жарымын іздеп таптық. Алайда ескінің жолымен жүріп, «ұят болар» деген ардың қалқаны іспетті сөзді берік ұстанатын жандар бұл жағдайды ашып жазуға үзілді-кесілді қарсы болды.
Өмірде көргені мен көкейге түйгені мол қазыналы қарттардың бірі – Жеткерген Жасанов:
– Қазіргі уақытта ажырасу деген бәленің көбейіп кеткендігін өз басым тәрбиенің осалдығымен байланыстырамын. Өкінішке орай, қазіргі уақытта әкені сыйламайтын, ерге құрмет көрсете білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Салдарынан «ер мен әйелдің теңдігі» деген таяз түсінік қалыптасты да, ежірей ұлдар мен кекірей келіндер көбейді. Бұрын ауылдың, елдің ардагерлері билерден кем емес еді. Отбасының немесе бауырдың, туған-туыстың арасында шыққан дауды сыртқа шығармай өздері реттеп отырған. Оған өзіміз де куә болдық. Күйеуі қайтыс болған әйелдерді өзгеге жібермей, өз жақындарына әмеңгерлікке берудің жолын қарастыратын. Осылайша шаңырақтың бүтіндігі сақталады. Бастысы, бала жетім, әйел жесір қалмайды. Қазіргі уақытта жастарға осы жағынан тәрбие беретін қарттардың қатары көп болғанын құптаймын. Біз басқадан болмаса да, осы үлкенді сыйлау, ерге құрмет көрсету жағынан өзгелерге үлгі болуымыз керек,– дейді.
Түйін: «Бала белде, қатын жолда» немесе «ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды» деген қасаң қағида қалыптасып келеді қоғамда. Кейде ұйқас қуып, желөкпелікпен ашу үстінде айтылып қалған сөз бе деп ойлап қалам. Әйтпесе баласының бақытты болуы үшін және оған күйе жағылмауын тілеген ата-анада мұндай ой қайдан болсын?! Қорыта келгенде, отбасы құндылығын хан тағынан да биік ұстайтын бабаларымыз үшін балаларының бақытты болғаны керек. Отбасыны «Отан» деп қараған бабалар ұл-қыздың амандығы, олардың бақыты үшін бәріне барды. Демек қазіргі жастар біз, ата-ана үмітін ақтаймыз, олардың бақытты болуын қалаймыз десек, таңдап алған ақ некелі жарымыздың қадірін біліп, ажырасуға жол бермейік. Себебі ол – қай тарапқа болмасын абырой әпермейтін қисынсыз қадам, отбасы мен елге қауіп төндіретін қасірет.
А.БИСЕНОВ

16 ақпан 2021 ж. 828 0