Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Оңай олжа опық жегізбесін

Оңай олжа опық жегізбесін

Қазір заман өзгерді. Заманға қарай адам да оңай олжаға бейімделіп келеді. Ақпарат алапат күшке айналды. Әсіресе әлеуметтік желі жойқын күш алып тұр. Барлық жаңалықтың жаршысы болумен қатар, табыс табудың да алтын кілті болып отыр. Әсіресе инстаграмға деген жұрттың көңілі ерек. Соның арқасында блогер деген мамандық пайда болды. Қазір блогер болуды армандайтын ұрпақ өсіп келеді. Мұны ата-аналардың өзі мойындап отыр. Балаларының блогерлер өміріне қызығып, мен де блогер болсам деген арманы барын естіп жүрген аналар олардың болашағына алаңдайды. Бұл не қылған оңай олжа, арзан атақ, қайдағы батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?! Саусақ қимылдатып сансыз сомаға қол жеткізіп отырғандарды біз де зерделеп көрейік. 

Елдегі ахуалдың салдарынан той жағалап күнелтіп жүрген кейбір өнер адамдары басты табысынан айырылды. Осы кезде инстаграмдағы танымал адамдардың көбі гиф ойната бастады. Кейіннен заңсыз ойындары үшін көбінің басы дауға қалып жатты. Десе де бұл сабақ болмаған сыңайлы. Қазір ойын ойнатып, қалтасын қомпайтып жүргендер көп-ақ. Инстаграмда миллионнан астам досы бар адам нағыз досқа ғана бай емес. Сол миллион дос миллион әкелетін басты табыс көзі. Қызғығарлық. Ал осыншама дос қайдан жиналды? Әрине ондай достар жинау үшін халық нені қалайды деген сұраққа жауап іздейтін блогерлер арзан әзілге құрылған видеолар жүктеп, кейбірі қара пиар арқылы танылып алған.
Ойынға оралсақ. Бұлардың басты табысы жарнама жасау мен гиф ойындар арқылы түседі. Соны түсінген "пысықтар" бас ауыртып, күш жұмсамай-ақ табыс табудың жолын тапқан. Әсіресе гиф ойындарда толағай табыс жатқан көрінеді. Мәселен, жуырда ғана инста парақшасында 2 миллион 200 мың досы бар танымал актер, әзілкеш өзінің парақшасында ойын ойнатты.
Ойын ойнатардың алдында актер жақында ойын болатынын, сол ойынға демеуші болғысы келген адамдар Алтынай есімді ұйымдастырушының ватсап желісіндегі нөміріне жазуы керек екендігін айтты. Жазып көрдім.
"Сәлеметсіз бе, демеушілік туралы білейін деп едім" дегенім сол-ақ еді, көп күттірмей жауап келді.
"Сәлеметсіз бе, 100-200 мың достың сізге жазылатындығына кепілдік береміз. Ол үшін бір ойынға демеуші болатын болсаңыз, 150 мың, екі ойынға демеуші болу –200 мың теңге" деген бағаларды ұсынды.
Иә, демеуші болу арзанға түспейтін көрінеді. Қалтамның көтермесін түсініп, сау болыңыз деп қоя салдым. Әрі қарай бақылауды жалғастырдым. Ойын басталды. Оның шарты парақшасындағы 99 досқа тіркелу. Басты сыйлық – "Тойота" марқалы көлік, және миллион теңге. Төрт күн бойы ойнатылған ойында күн сайын 5 адамға 50 мың, 3 адамға 100 мың, 2 адамға 200 және 1 адамға 500 мыңнан таратып отырды. Иә, бұл ақшаны алып, қуанып жатқандар көп болды. Бұл ақшалар шынымен де актердің өз қалтасынан шығып жатыр ма? Біз солай ойлаймыз. Десе де халыққа тегін ақша таратып жатқан ешкім жоқ. Сол 99 дос өзінің инста парақшасын дамыту үшін әлгі демеушілікке белгіленген сомманы төлейді. Орта есеппен 150 мыңды 99-ға көбейтсең... көз сүрінер миллиондар шыға келеді. Жұрт бұл ойындарға белсенді қатысып, оның парақшасындағы тікелей эфирдегі ойынын бақылап отырды. Бәрі шынайы, арнайы генератордың көмегімен жеңімпаздар анықталып, оларға қоңырау шалынып, ақшалары корларына сол жерде аударылып жатыр. Бұл тегін ақшадан мен де дәмелі болып, қатысып көрдім. Бірақ оңай олжа бұйырмады. Сәттілік серік болып осындай гиф ойындардан жеңімпаз болып, қалтасын қомпайтып жатқандар бар.
Құрбым Арайлым жақында ғана белгілі блогерден 50 мың теңге ақша ұтып алған.
– Басында мұндай ақшаны ұтамын деп ойлаған жоқпын. Тек инстаграмда шығып тұрған соң, тіркеле салған болатынмын. Бір кезде парақшасына кіріп қарасам, тікелей эфирде ақшалай сыйлықтар ойнатып жатыр екен. Қарап отырдым. Сол сәтте менің парақшамның шыға келмесі бар ма! Қуанып кеттім. Ұтысымды сол сәтте картама аударып жіберді. Бір кәдеме асырдым. Басында сенбегем. Ұтамын деген ой түсіме де кірмепті. Негізі жақсы нәрсе екен. Қазір көптеген блогерлердің ойындарына қатысып жүрмін. Кім біледі, бәлкім, алдағы уақытта тағы да ұтысқа ие болып қалармын,– дейді ол.
Ал өзінің 100 мың досы бар Айгерім Жұмабекте гиф ойындарды арагідік ойнатып қояды. Бірақ оған демеуші болу 2000 теңгеден аспайды.
– Өзім ән айтқанды жақсы көремін. Бірнеше мәрте байқауларға қатысып, бақ сынап жүрдім. Үлкен өнер сахнасынан көрінгім келеді. Қазір жанды дауыста ән айтып, инстаграмда жүктеп отырамын. Осылай танымал болып, парақшамды қарайтындар көбейді. Бастапқыда гиф ойнатуды мүлде ойламағам. Құрбым менімен бірге ойын ұйымдастырғысы келетінін айтты. Жарайды, деп кірістік. Бастапқы ойынға тұрмысқа қажетті заттарды сыйлыққа алдық. Ұтысқа ие болғандардың қуанышын көріп, біз де қуанып қалдық. Бұл ойындар да лото ойыны секілді ғой. Бұрындары лоторея сатып алып ұтсақ ұттық, ұтпасақ қалушы еді. Мұнда ешкімнің ақшасы желге ұшпайды. Ақша төлеп, демеуші болған адам өзінің мақсатына жетеді. Ойынға қатысқан адам ешқандай қаражат шығындамайды, – дейді.
Бұл ретте ұрпақ тәрбиелеп отырған аналардың да өз уәжі бар. Олардың айтуынша, балаларының оңай пайдаға құмартуы болашақ үшін аса қауіпті деп отыр.
– Қазір балаларымыз үшін оқудың, білім алудың маңызы жоқтай көрінеді. Олар телефонға телміріп, блогерлердің өміріне қызығатынды шығарған. Солардың парақшаларын ақтарып есі кетіп, арзан әзілдеріне күліп мәз боп отырады. Олардың ұйымдастырған ойындарына қатысып, күні бойы телефоннан бас алмайтын болған. Тіпті қызым жуырда «мама, мен өскенде блогер боламын» деп қарап тұр. Оған мұның соңы ұзаққа бармайтынын айтып түсіндіргендей болдым. Бірақ бұл бүгінгі күннің мәселесіне айналып отырған сыңайлы, – дейді Әлия Нысанбаева.
Түйін. Түптеп келгенде, мұның бәрі арзан атақ, оңай олжаға кенелудің басты көзі. Ақшалай сыйлық ұсынып жатқанда пендеміз ғой қызығамыз. Сонан барып "аңқау елге арамза молда" дегендей, солардың айтқанын жасап, тапсырмасын орындап, телміріп отырамыз. Шындығында, ешкім тегіннен тегін ақша таратып жатқан жоқ. Біз осындай әрекетіміз арқылы олардың табысын көбейтіп жатырмыз. Әрбіріміздің оңай олжаға кенелгіміз келіп, шарттарын орындауымыз оларға мол табыс әкеледі. Зереттеулерге сүйенсек, қазір гиф ойнатып жүргендер байлардың тізіміне жайғасқан сыңайлы. Бәрін халық үшін жасап жатқандай сыңай танытып, елдің сенімінен шыққан инстаграм жұлдыздары желіні желкен етіп үйден шықпай пайдаға кенеліп жатыр. Бірақ бұның соңы жақсылыққа апармайтыны белгілі. "Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын" деп хакім Абай айтқандай, ұрпағымыз рухани азғындауға түсіп кетпесе ләзім.

Н. БАҚЫРАДИН 
23 ақпан 2021 ж. 605 0