Қазақстанда ломбардтар жабылады
Елімізде сот шешімімен мыңнан астам ломбардтар жұмысын тоқтатады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, 2020 жылдың екінші жартысында 1,7 мың ломбардтың әрекетіне қатысты сотқа шағым түскен.– 15 ақпандағы жағдай бойынша 1072 ломбардқа қатысты мәжбүрлеп жабу туралы шешім шығарылды. 144 ломбард бойынша сот шағымды қарастырған жоқ, 143 ломбардқа қатысты шағымдар қайтарып алынды. Қалған 368 ломбардты мәжбүрлеп жабу мәселесі сотта қаралып жатыр, – дейді агенттік басшысы Мәдина Әбілқасымова.
Оның айтуынша, барлық микро қаржы ұйымдары 2020 жылдың 1 қаңтар – 1 шілде аралығында агенттіктің есептік тіркеуінен өтуге міндеттелген. 2020 жылдың қорытындысы бойынша ондай тіркеуден 664 ломбард өткен. Бұл тіркеуден өтпеген заңды тұлғалар, оның ішінде ломбардтар мәжбүрлеп жабылу шешімін орындайды.
Былтыр жыл соңында ломбардтар ұлттық лигасы қауымдастығы 2020 жылы елдегі ломбардтардың 80 пайызы жабылғанын мәлімдеген еді. Қаржылық пирамидалардың кеңінен таралуы ломбардтар қызметіне қойылатын талаптың күшеюіне алып келді. Өз кезегінде микро қаржы ұйымдары мұндай биік талаптарды орындай алмады. Ақырында нарықтан кетуге мәжбүр болған. Пандемия да мұндай қаржы ұйымдарының қызметіне кедергісін тигізді.
aqmeshit-aptalygy.kz