Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдық жас ана автокөлік ұтты

Аралдық жас ана автокөлік ұтты

Ғажайыптың барына сеніңіз. Себебі бұл өмір тосын сыйларға толы. Әдетте қомақты джекпот ұтты, пәтер немесе автокөлік ұтты деген жаңалықтарды әлемнің әр түкпірінен естіп жататынбыз. Соңғы жылдары сәттілікке толы байқаулар мен ойындар біздің елімізде де көптеп ұйымдастырылуда. Аралдық Қарлығаш Кенжебекқызы сондай ойындардың біріне кездейсоқ қатысып, құны миллиондаған теңге тұратын соңғы үлгідегі «Hyundai Accent» автокөлігін ұтып алды. Бағы жанған бақытты ана осы аптада көптен күткен көлігіне қол жеткізіп, кеуілін бірледі. Қуаныш құшағындағы жанның толқынысы мен айтып жеткізе алмас әсерімен бөліспек болып шаңырағына бардық. 

Бәрі де осыдан 4-5 ай бұрын несиеге алған телефондардан басталған. Жеңімпаз 2020 жылдың қазан айында жалпы құны 150 мың теңгедей болатын телефонды несие арқылы атына рәсімдейді. Сол сәттен бастап «Еврика» желілік сауда орталығының ойынына қатысушы ретінде тіркеледі. Арада бірнеше айлар өткенде Қарлығашқа қуанышты хабар жетті.
– 2021 жылдың 6 ақпаны күні 23 жасқа толдым. Алла сәтін салған шығар. Туған күніме сый ретінде дәл сол күні ойын арқылы автокөлік ұтқанымды хабарлады. Негізі, осы көліктің иегері ретінде бір емес, екі адам таңдалған екен. Бірақ олармен тілдесу мүмкін болмаған. Осылайша үшінші мәрте ойнатылғанда сәтті сан мені таңдаған. Алғашында сенбедім. Ақша сұрап әлекке салатын алаяқтықтың бір тәсілі болар деп ойладым. Бірақ арада шамалы уақыт өткен соң, Шымкент қаласына шақырту алдым. Ойын сол қалада ұйымдастырылғандықтан, автокөлікті менің атыма рәсімдеу үшін шақыртыпты. Қуанышымда шек болмады. Мұндай бақытты сәтті сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Өзім бала күтімімен үйде отырған жас анамын. Жолдасым да жұмыссыз. Бұл ұтыс бізге осылайша кездейсоқ келген олжа болды. Негізі, ғажайып пен сәттіліктердің барына сеніңіздер. Себебі бұл өмірдің өзі тосын сыйларға толы. Бұл көлікті бұдан былай қайын атам жүргізетін болады. Қысқасы, көлік сол кісінікі болмақ, – дейді ұтыс иегері Қарлығаш.
Аралдағы «Evrika» тұрмыстық техника және электроника гипермаркеттер желісінің жаңа жыл қарсаңындағы «11 жаңа жылдық ғажайыптар» атты ойыны жалғыз автокөлікпен шектелмеген. Аты айтып тұрғандай, өзінен 2020 жылдың 15 қарашасы мен 2021 жылдың 15 қаңтары аралығында құны 50 мың теңгеден жоғары тұратын зат сатып алған тұтынушылар қатысқан бұл ойында барлығы 10 автокөлік пен Нұр-Сұлтан қаласынан 4 бөлмелі пәтер және тұрмыстық техникалар ұтысқа қойылған. Бүгінде барлығының да иесі анықталған.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Қарлығаштың қолына тиген автокөлік енді Аралдың көшелерінде жүйткитін болды. «Бұйырған кетпейді» деген осы.

А. БИСЕНОВ
04 наурыз 2021 ж. 628 0