Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала тілінің кеш шығу себептері

Бала тілінің кеш шығу себептері

Бүгінгі таңда бала тілінің кеш шығуы жиі кездеседі. Бала денсаулығы ана құрсағында жатқан кезден басталатынын бәріміз білеміз, тіпті бала ағзасында пайда болатын аурулардың басым бөлігі құрсақта жатқанда дамиды. Сонымен қатар  мамандар  баланың сөйлеу қабілетінде болатын ақаулар да сол кезден бастау алуы мүмкін екенін айтады.

Қазіргі қоғамда жас ерекшелігі әртүрлі физиологиялық және психологиялық ауытқулары бар балалардың көбеюі ата-аналарды ғана емес дәрігерлерді де қатты алаңдатып отыр. Өз маманының шебері, Алматы қаласындағы №153 балабақшаның логопед маманы Болатова Нұргүл Абдашимқызы бала тілінің кеш шығуының негізгі себептерімен бөлісе отырып, оны емдеу мен алдын алу жолындарын атап өтті.

Логопед Нұргүл Абдашимқызы кей себептердің алдын алу мүмкін емес болғанымен, көп жағдайда бала тілінің уақытында шығуы тікелей ата-анаға байланысты екенін ескертеді. Алайда ата-аналардың бала тілін қызық көріп олардың қате дыбыстаған сөздерін қайталауы дұрыс емес, керісінше бала ата-анасының сөйлегеніне қарап сөзін түзеуі үшін, ата-ана әр сөзді анық дыбыстап айтқаны жөн дейді.

Баланың сөйлеу тіл бұзылыстарына сыртқы немес ішкі зиянды факторлар әсер етеді. Бала тілінің кеш шығуының негізгі себептері:

1. Тұқым қуалаушылық фактор;

2. Болашақ ананың дұрыс емес өмір салты, көңіл-күйінің дұрыс болмауы, күйзелісте болуы және жаман әдеттер (шылым шегу, ішімдікке құмар болу);

3. Жүктілік кезіндегі анасының созылмалы аурулары (тұмау, қызамық, эндокринді бұзылыстары, бүйрек және жүрек аурулары, т.б.);

4. Болашақ ананың жүктілік кезіндегі жағымсыз кәсіби жағдайлар (ауыр физикалық жұмыс немесе түнгі ауысымда жұмыс істеу!

5. Таңдайда не ерінде жырықтардың болуы;

6. Бас жарақаттары, ми шайқалуы;

7. Бас миының асқыну аурулары (менингит, менингоэнцефалит);

8. Есту мүшесіндегі асқынулар немесе  үлдем естімей қалуына себеп болатын аяғына дейін емделмеген ортаңғы және ішкі құлағының асқыну аурулары;

9. Дыбыс шығару жүйесінің жұмыс істемеуі;

10. Ауыз қуысы бұлшықеттерінің дұрыс жұмыс істемеуі, тіс және жақ сүйектерінің ауытқулары;

11. Баламен сөйлеспеу (ересектердің балаға жеткілікті көңіл бөлмеуі немесе айналасындағы адамдардың сөйлеу тіліндегі ақаулары);

12. Қатты қорқып қалудан болған тұтығу;

13. Өзге аурулардың немесе қолданған дәрі-дәрмектердің әсері.

Сөйлеу тілінің дамуындағы әртүрлі ақауларды ерте жастан диагностикалық мекемеге көрсетудің маңызы зор. Баланы уақытында (дер кезінде) маманға көрсетсе, сөйлеу тіліндегі ақаулығының алдын алуға болады. Яғни балаңыз жасына сәйкес сөйлемей жатса, ең алдымен өзіңіздің жергілікті педиатырыңызға алып барыңыз. Ол сізді қажетті маманға жібереді. Екіншіден, невропатологқа көрсетіңіз. Дәрігер сөйлеудің кешеуілдеу себебін анықтап, себебіп тапса, дәрігер қажетті және қолайлы ем тағайындайды. Сонымен қатар логопед-дефектолог маманға баруды да кейінге қалдырмаңыз. Уақытылы қабылданған шаралар мен жүйелі сабақтар балаға құрдастарын қуып жетіп, болашаққа жақсы сөйлеуіне көмектеседі.
Баланың дамуынан кішкене ақау көрсеңіз, тез арада алдын алыңыз. Ерте және уақытылы басталған жұмыс әрқашан оң нәтижесін береді. Балаларымыздың ой-өрісі кең, сөздік қоры мол болсын!

massaget.kz
07 наурыз 2021 ж. 555 0