Алматыдағы ұшақ апаты
13 наурыз күні Алматының іргесіндегі Қызылту ауылының маңында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің АН-26 әскери ұшағы құлады.
Осындай жайсыз хабарды естіген бетте аталмыш ведомство өкілдерімен хабарластық. Олар: Сағат 17:20 шамасында әуежайға қонайын деп жатқан Нұр-Сұлтан – Алматы бағытындағы ұшақпен байланыс үзілді. Алдын ала мәлімет бойынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің АН-26 ұшағы құлаған. Әуе кемесінің бортында 6 адам болған», деп мәлімдеді.
Кейіннен белгілі болғандай төрт адам сол жерде қаза тапты. Олар – майор Ғабит Барлықбаев (1987 жылы туған), аға лейтенант Досжан Баймұратов (1978 жылы), лейтенант Мұхтар Сағынбаев (1995 жылы) және сержант Евгений Васильков (1986 жылы). Тағы екі адам Алматыдағы №4 қалалық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы өте ауыр.
Оқиға орнында Алматы қаласы мен облысы төтенше жағдайлар департаменттері, әуежай қызметі, ҚР ТЖМ РЖҚЖ, 109 құтқару қызметінен 45 адам, 15 бірлік техника жұмыс істеді. Апат болған жерде өрт шығып, ұшақтың жануы сол күні сағат 18.02-де тоқтатылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы органдарға Алматы маңында болған ұшақ апатының себептерін анықтауды тапсырды. «Алматы әуежайында апатқа ұшыраған ұшақта қаза болған әскери қызметкерлердің туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуін тілеймін. Менің тапсырмам бойынша әуе апатының себептерін анықтау жұмыстары басталды. Мұндай оқыс оқиғалар қайталанбауы керек», деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.
egemen.kz