Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алматы әуежайы маңындағы ұшақ апатынан 4 адам қаза тапты – ТЖМ ақпаратты растады

Алматы әуежайы маңындағы ұшақ апатынан 4 адам қаза тапты – ТЖМ ақпаратты растады

Алматыда әскери ұшақ құлаған жерде құтқарушылар жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін, 13 наурыз күні сағат 17:25-те Алматы қаласы әуежайының диспетчерлік қызметіне сағат 17:22-де Нұр-Сұлтан – Алматы бағытындағы АН-26 әскери ұшағы радардан жоғалып, Алматы әуежайының маңына апатты жағдайда қонғаны туралы ақпарат келіп жетті.

Оқиға орнында Өрт сөндіру 11-бөлімінің (1,2) қызметкерлері, Республикалық жедел-құтқару отрядынан 9 адам, 1 техника, 1 кинологиялық қызметкер, сонымен қатар Алматының құтқару қызметінен 5 адам мен1 техника жұмыс істеп жатыр.

Сонымен қатар, оқиға орнында Ұшудың іздеу-апаттық қамтамасыз ету қызметінің 4 техникасы мен Алматы облысы Өрт сөндіру және құтқару қызметінің 2 техникасы бар. Ұшақта шыққан өрт ауыздықталды.

Сондай-ақ ол жерде Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жедел-құтқару жасағының 10 тобы жұмыс істеп жатыр.

Расталған мәлімет бойынша, әскери ұшақ апатынан 4 адам қаза тауып, 2 адам Іле ауданындағы ауруханаға жеткізілді.

Еске сала кетсек, бұған дейін әскери ұшақ апатына байланысты Алматы әуежайында бірнеше ұшақ рейстері бөгелгендігі туралы жазған болатынбыз.

aqmeshit-aptalygy.kz​​​
13 наурыз 2021 ж. 849 0