Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » КОМИССИЯ АПАТ СЕБЕБІН АНЫҚТАУДА

КОМИССИЯ АПАТ СЕБЕБІН АНЫҚТАУДА

Кеше елімізде қайғылы жағдай хабарланды. Радардан жоғалып кеткен «Бек Эйр» әуе компаниясының ұшағы Алматыда апатқа ұшырағаны мәлім болды. Оқиға әуежайдың сыртқы аумағында болған. Комитет таратқан ақпараттарға қарағанда, кеше сағат 07:22-де Алматы-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша «Бэк Эйр» әуе компаниясының №Z2100 рейсі ұшып көтерілу кезінде биіктіктен айырылып, бетонды қоршауды сындырған. Ұшақ екі қабатты құрылыс нысанына соғылған.Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы маңындағы ұшақ апатынан қаза болғандардың жақындарына көңіл айтты.
– Бүгін Алматы маңындағы жолаушылар ұшағы апатынан қаза тапқан адамдардың туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Апат себебін анықтау үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылды. Кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланады, – деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында.
ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша үкіметтік комиссия құрылған. Комиссия құрамында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі және басқа да мемлекеттік орган өкілдері бар. Оқиға мән-жайы анықталғанға дейін осы типтегі ұшақтардың ұшуы уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ осы апатқа қатысты шұғыл желі іске қосылған. Алдын ала мәліметтер бойынша, бортта 95 жолаушы, 5 экипаж мүшесі болған. Дереу құтқару жұмыстары басталып, жолаушыларды және әуе кемесінің экипажын эвакуациялау жұмыстары жүзеге асырылды.
Соңғы мәліметтер бойынша апаттан көз жұмғандар саны 15-ке жеткен. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев Алматыда өткен брифинг барысында айтты.
– Қазір мендегі мәліметтерге сәйкес, 14 адам оқиға орнында, 1 адам №4 клиникалық ауруханада қайтыс болды, – деді Тілеухан Әбілдаев. Оқиға орнында қаза болғандардың денесі моргтерге жеткізілген. Сот-медициналық сараптама жүргізілетін болады.
Қайғылы жағдайға байланысты қайтыс болған азаматтардың отбасына қайғырып көңіл айтамыз.

«Толқын» ақпарат
28 желтоқсан 2019 ж. 718 0