Мұсылманша жыл санау
Мұсылманша жыл санау осыдан 1389 жыл бұрын (григориан есебі бойынша) басталаған. Яғни, ғаламның рахым нұры Мұхамед пайғамбардың (с.ғ.с.) Мекке қаласынан Мединеге хижрат (көшуіне) етуіне байланысты, ислам дүниесінің жаңа дәуірі, жаңа жыл санауы басталды. Бұл біздің жыл санау бойынша 622 жылдың 16 шілдесі жұма күні екен.
Содан бері ислам дінін берік ұстанған елдер осы жыл санауды қабылдаған. Өйткені, бұл жай ғана бір күнтізбелік есеп емес, Құран аяттарымен бекітілген, сахих хадистерде айтылған дүние. Мысалы, Құран аяттарында күн санауды «Ай»-дың өлшемімен жүргізу үкім етілген. Әрі «Тәубе» сүресінің 36 аятында: «Расында, Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың кітабындағы айлардың саны он екі» делінген. Сондай-ақ имам Бұхаридің хадис жинағында: сахаба Зайд ибн Амрден естіп, Абдулла ибн Омар руаяат еткен хадисте, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айды 29 немесе 30 күнмен өлшеп есептеген дұрыс дегені айтылады. Сол сияқты, Рамазан айының үкімінде жаңа туған айды көрсең 29 күн, көрмей қалсаң 30 күн ораза ұстау туралы да хадисте айтылады.
Осыдан біз мұсылман жыл санауының Ай фазаларының өзгерісіне негізделгенін байқаймыз. Осыны есепке ала отырып мұсылман ғалымдары жыл санаудың жаңа үлгісін дүниеге әкелді. Исламнан бұрын арабтарда бір ширегі 24 жылдан тұратын күнтізбе болған. Оның 15 жылы 12 айдан, 9 жылы 13 айдан тұрған. Кейін Мұхамед пайғамбар (с.ғ.с.) осыны өзгертіп Құран аяттарында айтылғандай жаңа жыл санауды енгізген.
Мұсылман жыл санау бойынша әрбір 30 жылдың 11-і 355 күннен, қалған 19-ы 354 күннен тұрады. Сонда хижра жылының ұзақтығы (354х19+355х11)/30/ 354,37 тәулік болады, яғни григориан санатынан 11 күнге кем. Сондықтан хижраның 34 жылы, григорианның 33 жылына тең болады.
Осы 11 күндік айырмаға байланысты Ораза ұстау уақыты жыл сайын өзгеріп отырады. Мысалы, Өткен жылы Ораза тамыздың 10 күні басталса, биыл тамыздың 1 күні басталды. Келер 2012 жылы Ораза шілде айының 20-21 күнінің бірінде басталмақ.
Сөйте тұра, мұсылман календары өзінің уақыт өлшеудегі аса жоғары дәлдігімен ерекшеленеді. 30 жылда 0,012 тәулікке ғана ауытқып отырады. Яғни 2500 жыл өткенде жыл басы 1 күнге ғана жылжиды екен.
Осындай мұсылманша жыл санауды ислам дінін қабылдағаннан кейін біздің бабаларымызда қолданған. Мысалы, М.Қашғаридың сөздігінде, Тоқтамыс ханның жарлықтарында, Қадырғали Жалайыри бидің шежіресінде тек мұсылманша ай аттары (жұмада әлаууел, рабби әл-аууел, ражаб, рамазан, сафар, зұлқыжа т.б.) айтылады. Қадырғали бидің айтуынша, түркілер екі түрлі күнқайыру жүйесін қолданған. Бірінші – арабша ай есебі, екінші –жұлдыз есебі, дейді.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫegemen.kz