Арал тағдыры – адам тағдыры
ХХ ғасырдағы Орталық Азиядағы ең ірі экологиялық Арал апатының зардабын аймақ елдері әлі күнге тартып отыр. Халықаралық Аралды құтқару қорының мәліметтері бойынша 4 млн гектардан астам жердің тозуы салдарынан аймақтың экономикалық шығыны жылына 4,5 млрд долларға жетіп, теңіздің құрғау салдары Әмудария және Сырдария өзендері атырабында қоныстанған 5 млн-ға жуық тұрғынның өмір сүру сапасына теріс әсерін тигізген.
Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы атқарушы дирекциясының (әрі қарай ХАҚҚ ҚР атқарушы дирекциясы) директоры, география ғылымдарының кандидаты Болат Бекнияз трансшекаралық мәселелерді кешенді шешу арқылы Арал аймағы мәселесінен түбегейлі арылуға болатынын айтады. «Осы уақытта Халықаралық Аралды құтқару қорының Арал теңізі бассейніне қатысты жүзеге асырған 3 бағдарламасы нәтижесін беріп отыр. Ендігі кезекте төртінші бағдарлама әзірленуде. Аймақтық мәселелерді қамтитын құжат, отыз жылға жуық мерзімде қордаланып келген мәселелерді шешіп, аймақта экономикалық, экологиялық, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», дейді Б.Бекнияз.
Трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы келісімдердің тарихына үңілсек, 1992 жылы мемлекетаралық су көздерін пайдалану мен қорғауды бірлесіп басқару саласында ынтымақтастық, мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиясын (МҮСШК) құру туралы келісімге қол қойылды. 1993 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түрікменстан мемлекеттерінің басшылары Арал теңізінің дағдарысы мəселелерін шешу бойынша бірлескен келісім жасады. Оны іс жүзіне асырудың тетіктері осыдан 28 жыл бұрын, 1993 жылы Тұңғыш Президент – Елбасының бастамасымен Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) жəне Орталық Азия елдерінде бөлімшелерінің құрылуымен тығыз байланысты. Ал 2017 жылы Қызылорда қаласында өткен Арал теңізі бассейнін тұрақты дамыту бойынша бірінші халықаралық форумда 26 наурыз Арал теңізі күні деп белгіленді.
«Арал аймағын сауықтыруға байланысты көптеген халықаралық келісімге қарамастан әр мемлекет өз мәселесін өзі шешіп келеді. 2018 жылы Түрікменстанда өткен ХІІ саммитте Елбасы Н.Назарбаев Су-энергетикалық консорциумын құру туралы мәселеге ерекше басымдық берді. Бұл Арал мәселесін шешуге бірлескен күш-жігер қажеттігін айқындап берді. Сол жылы Халықаралық Аралды құтқару қорының мәртебесі де айқындалып, Арал апатынан туындаған экологиялық мәселелерді шешуде, осыған байланысты әлеуметтік-экономикалық жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда әмбебап алаң болып белгіленді.
Бүгінге дейін туындап келген Арал аймағы мәселесінде Қырғызстан мен Тәжікстанды энергетика, ал Қазақстан мен Өзбекстанды суармалы жерлер мәселесі алаңдатып келді. Бірінің егіні күйіп жатса, екіншісін энергия тапшылығы толғандырды. Осы мәселелерді шешуге мемлекеттер арасында жасалған көптеген халықаралық келісімшарт та дәрменсіз болды. Ал ауызбіршілікке келе алмай отырған аймақ елдері үшін Су-энергетикалық консорциумын құрудың маңызы да, экономикалық тиімділігі де жоғары. Б.Бекнияздың айтуынша, консорциум жылдағы нәтижесіз жиындардың алдын алып қоймай, туындаған өзекті мәселелерді бір жерден шешуге мүмкіндік береді. Кейбір деректерге сүйенсек, трансшекаралық су жөнінде ынтымақтастық болмаса, мемлекеттер жылына 30-40 млрд доллар шығынға ұшырайды, егер де ортақ мәміле дұрыс жолға қойылса, онда жылына 7 млрд теңгеден астам пайда көруге болады.
Халықаралық Аралды құтқару қоры бүгінде 40-тан астам мемлекетті біріктіретін, Хельсинкиде қабылданған Су конвенциясымен бірлесе жұмыс істеуге қол жеткізген. Трансшекаралық конвенция – суды қалай пайдалану және бөлісу керектігін жан-жақты қарастыратын маңызды алаң. Конвенция бүгінге дейін Еуропа бөлігіндегі су мәселесіне қатысты болса, ендігі кезекте Орталық Азия елдерінен Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстанды да қамтитын болады. 2018 жылы Бразилияда үш жылда бір рет өтетін 8-ші Су форумына қатыcу қазақстандық тарап үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашса, Тайландта өткен ЭСКАТО қоршаған ортаны дамыту жөніндегі комитеттің V сессиясында Қор мамандары БҰҰ Бас хатшысының орынбасарымен кездесіп, Арал мәселесін көтеріп, фотокөрме ұйымдастырды. Бұл өз кезегінде аймақ мәселесіне дүниежүзілік қауымдастықтың назарын тағы бір аударуға мүмкіндік берді. Ал өткен жылы Орталық Азиядағы су мәселесіне қатысты өткен Берлин кездесуі Еуроодақтың 2020-2030 жылға дейінгі стратегиясында Арал әлемдік апат ретінде емес, «Жасыл Орталық Азия» бастамасына негіз болды. Сонымен бірге Арал теңізінің «Жасыл белдеу құру» жобасы Дүниежүзілік банк пен Қазақстанның «Аралдың солтүстік бөлігін қалпына келтіру және аймақтық даму» жобасына енді.
Қазақстан шикізат бағытындағы ел болғандықтан, экологияға келетін зиян көп. Осы орайда Дирекция жұмысының нәтижесінде еліміздегі экологиялық, әлеуметтік-тұрмыстық жобаларға осы жылдарда 240 млн теңгеге тегін грант тартылған. Мысалы, былтыр Германия Халықаралық ыңтымақтастық қоғамының (GIZ) қаржыландыруымен Арал ауданындағы Көкарал бөгетінде балықты сақтап қалу қондырғысы орнатылды. 150 млн теңгеге орнатылған қондырғы жылына 4 мың тоннаға жуық балықты сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Отандық кәсіпкерлердің көмегіне зәру
Экологиялық аймаққа грантпен қоса, отандық кәсіпкерлердің қолдауы да қажет. Осы орайда ХАҚҚ ҚР атқарушы дирекциясы Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық қаржы орталығының «Жасыл қаржы» орталығымен келісімшартқа отырып, маңызды жобаға қол жеткізгелі отыр.
Бүгінде Қызылорда облысының Арал теңізіне дейінгі 600 шақырымдағы Арал, Қазалы аудандары Арал-Сарыбұлақ су жүйесі арқылы жерасты суын алады. Нәтижесінде, бұл өңірде ауру саны да азайған. Шиелі мен Жаңақорған жағы суды Түркістан облысынан алатындықтан, бұл маңдағы судың сапасы да жақсы. Ал Қызылорда қаласы, Жалағаш, Жосалы, Қармақшы, Сырдария аудандарындағы ауыз су ащылау келеді. Өңір тұрғындары жартылай жерасты, жартылай Сырдария өзенінің суын тұтынуда. Алайда Сырдария суын ауыр металдардан, пестицидтерден тазарту өте қиынға соғатындықтан, өңірді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Кеңес заманында табылған, Қарағанды мен Қызылорда шекарасындағы Жосалыдан 130 шақырымдағы су көзін ашу жоспарда тұр. Ендігі кезекте сапалы суды Қызылорда, Байқоңыр мен 80-нен астам елді мекенге жеткізу жұмыстарына бизнесті тарту көзделуде. Сонымен бірге Сырдарияның өзінде көптеп саналатын гидротораптардың жұмысын тиімді пайдалану үшін дайын тұрған кешенде кіші гидростансалар салу қажет. Жоба кіші өзендерді пайдаланғаннан гөрі су кешендері жанында шағын ГЭС-тер орнату арқылы электр энергиясы көздеріне қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Оның нәтижесін ел бірнеше жылда көрмек.
Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу – өңірдегі өзекті мәселенің бірі. Аймақтағы полигондарда жаңа тасталған қалдықтар өртелгенімен, қайта өңделмейтіндіктен, осы полигондарды залалсыздандыру мен жою мәселесі өзекті. Бүгінде Жапония мен Қытай тәжірибесінде қолданылатын мұндай өндірістің аймақ үшін тиімділігі жоғары. Нәтижесінде, плазмалық пештерде тыңайтқыштар, май мен мазут, инертті материалдар шығару мүмкіндігі бар. Сонымен бірге өңір экологиясын жақсарту мақсатында 2 млн доллар қаражат бөлгісі келіп отырған компанияға Қазалы мен Арал аралығындағы Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік жолының жиегін көгалдандыру жобасы ұсынылған. Мемлекеттерді байланыстырып жатқан көлік жолының жиегі көгалданатын болса, бұл аймақтағы микроклиматтың өзгеруіне де, жайылымдық жерлердің көбеюіне де ықпал етпек.
Арал балығына сұраныс көп
Бүгінде Арал теңізі балығына әсіресе Ресей, Германия, Батыс Еуропа елдері қызығушылық танытып отыр. Балықтың сапасы да, салмағы да халықаралық стандартқа сай келеді. Теңізден жылына 8 мың тонна балық ауланса, оның тең жартысы экспортқа жөнелтіледі. ХАҚҚ ҚР атқарушы дирекциясы мамандарының болжамына сәйкес, жартылай өңдеп сатылған балықтың құны шекара асқанда екі-үш есеге қымбаттайды әрі соның салдарынан теңізде балықтың азайып кету қаупі бар. Сондықтан аумақта өткен ғасырдың отызыншы жылдары салынған ескірген тәлімбақты қалпына келтірумен қатар, жаңасын салу қажет. Балықты аулап, қолма-қол сатып үйренген балықшылар ауқымды жобаларға баруға жүрексінеді. Ал базарда сатылғанымен, аралдықтардың өзі балыққа зәру. Бұл мақсатқа қаражат та, технология да, мамандар да керек. Балық шаруашылығы бір жүйеге келсе, оның пайдасын өңір жұртшылығы ғана емес, ел экономикасы да көреді. Сол себепті 2021-2030 жылдарға арналған Қызылорда облысының балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы қолға алынды.
Бүгінде Халықаралық Аралды құтқару қорынан басқа да халықаралық ұйым гранттары есебінен жүзеге асып жатқан бизнес жобалар бар. Бірақ оның барлығы тәжірибе жетіспегендіктен дұрыс жолға қойылмаған. Көкөністердің бағасы өте қымбат. Өңірде шұбат, жүн, қауын-қарбызды қайта өңдеу өндірісі сұранысқа ие. Сырдария өзенінен алыс орналасқан елді мекендерде су тапшылығына байланысты бақша өсіруге мүмкіндік жоқ. Осы орайда Арал қаласында бизнес-инкубатор жасау жобасын жолға қойып, цехтар жұмысы мен жылыжайларды дамыту жоспарда тұр. Мұның барлығы экологияға залалсыз жасыл экономика бағытында жүзеге асатын болады.
Туроператор қызметі – маңызды міндет
Шетелдік туристерді табиғаттан гөрі Арал мен Байқоңыр өлкесінің тарихы көбірек қызықтырады. Осы орайда «Қамыстыбас» көлінің жағалауында «Эко-Арал» ғылыми-туристік орталығын құру мен ГИС технологиялары негізінде Қызылорда облысының атласы мен Арал өңірінің қазақстандық бөлігінің интерактивті электронды карталары жасалды. Енді оны туризмді дамыту мақсатында пайдаланып, Арал қаласынан туроператор жасақтау қажет. Ол үшін осы өңірдегі екі колледжде сала мамандарын даярлау міндеті тұр. Егер де туризм, қонақүй бизнесі мамандары даярланса, ауылдарда шағын қонақүйлердің де жұмысы жанданады. Еуропалық одақ және Орталық Азия ынтымақтастығы стратегиясы шеңберінде осы жылы «Эко-Арал» ғылыми-туристік орталығында «Кендиртекс» жобасы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары басталады. Бұл жоба аясында Арал өңірінде шөлге төзімді, тиімділігі жоғары және суды аз қажет ететін ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру жоспарланған. Сонымен бірге туризмді дамыту мақсатында «Барсакелмес» қорығы базасында Aral sea Geopark атауымен геологиялық паркі жұмыс істейтін болады. Бұл аумақта көне тарихы бар Жанкент пен Жент қалашығы, Қарауылтөбе, Солтүстік Арал маңындағы Тораңғылсай жәдігерлері экологиялық туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінде бұл маңдағы ғылыми-зерттеу жұмыстары қатаң бақылауды қажет етеді. Өйткені аймақтағы тарихи нысандар қорғауға алынбаған. Соның салдарынан бұл маңға шетелдік зерттеушілер емін-еркін келіп, өз бетінше зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүр. Ғылыми-туристік орталықтың жұмысының жандануы көптеген мәселенің шешілуіне ықпал етері сөзсіз. Сонымен бірге өткен жылы Еуроодақтың «Орталық Азиядағы НЕКСУС диалог» жобасы шеңберінде Арал теңізінің құрғап қалған түбін көгалдандыру, сексеуіл өсірудің жабық тамыр жүйесі әдісін қолдану сынақ жобасы ретінде қолға алынды. Жобаның мақсаты теңіздің құрғап қалған бөлігінде өсімдіктерді көбейту десек, осы орайда экономикалық тиімділігі жоғары бадам, пісте сияқты дәнді-дақылдарды өсіру мүмкіндіктері де зерттелетін болады.
Арал кемелері – әлем назарында
Арал өңірінде тағы бір назар аударатын мәселе − қараусыз қалған кемелер жайы. Кезінде Арал теңізінде жүзден астам кеме, балық аулау флотилиясы, әскери кемелер болғаны белгілі. Арал суы тартылып, атырап құрғап қалған кездерде шөл бетіндегі кемелер әлем назарын аударды. Бүгінде туристер өткен жылдарда түсірілген суреттерге қарап, осы маңға кемелерді іздеп келеді. Алайда қиын дағдарысты жылдарда сол кемелердің көпшілігі кесіліп, темір-терсекке өтіп кеткен. ХАҚҚ ҚР атқарушы дирекциясының, облыс әкімшілігінің және «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының мамандары «Возрождение» аралына экспедиция кезеңінде 13 кеме тауып, оларды сақтап қалып, экологиялық және ғылыми-танымдық туризмнің негізіне айналдыруды көздеп отыр. Мұндай кемелер көрші Өзбекстанда аз болса да сақталып қалған. Өзбек еліндегі кемелер мен мұражайға бүгінде туристер үлкен қызығушылық білдіруде.
Биыл ХАҚҚ ҚР атқарушы дирекциясының мамандары Арал теңізі бассейнін тұрақты дамыту бойынша ІІ халықаралық форум өткізуді жоспарлап отыр. Соның аясында Солтүстік Арал теңізі, Көкарал плотинасы, «Ақлақ» гидрокешені, Сырдария сағасы, «Эко-Арал» ғылыми туристік орталығы, құландар, ақбөкендер мекені, «Барсакелмес» қорығы, Оңтүстік Аралдың құрғап кеткен аумағы мен «Кердері» қалашығы мен мавзолейі, палеонтологиялық фаунасымен ерекшеленетін Аралдың солтүстік жағалауларына экспедициялар жоспарлануда.
P.S. Бүгінде Аралдың су деңгейіне қатысты негізді, негізсіз пікірлер көп. Теңіздің таяз жерлері күн ыстықта тартылып кетеді, ал оның мезгілдік ауытқып отыру мөлшері қандай болатыны мамандарға мәлім. Аралды құтқару қорының мамандары қажетті мөлшерді сақтап тұру үшін теңіздің екінші деңгейін жасау қажеттігін алға тартады. Осыған орай биыл аймақта түсіндіру жұмыстары қолға алынып, қор тарапынан кешенді жобаларды қаржыландыру бойынша жоспар дайындалып, аймаққа грант тарту мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Осы бағытта ХАҚҚ атқарушы дирекциясы тарапынан Дүниежүзілік банкке үш жыл ішінде бірнеше маңызды жобалар ұсынылып, банк мамандарын Арал теңізі өңіріне апарып, таныстыру жұмыстары жүргізілген. Жобаның құны 190 млн долларды құрайды. Ең маңыздысы сол, Дирекция мамандарының жоспарында таяу жылдарда еліміз үшін өзекті болып келген Арал мәселесін түбегейлі шешу міндеті тұр.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ
egemen.kz