Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 27 наурыз - Мұқағали Мақатаевтың өмірден өткен күні

27 наурыз - Мұқағали Мақатаевтың өмірден өткен күні

Бүгін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың қайтыс болғанына 45 жыл болды. Талдықорғандағы М. Тынышпаев атындағы Алматы облыстық өлкетану музейінде «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты еске алу кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Шараға ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы,
Келіні Бақытгүл Қыдырбайқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев пен жетісулық ақын-жазушылар, сазгерлер қатысып, қаламгер туралы естеліктерімен бөлісті. Рухани кеште ақын өлеңдеріне жазылған әндер шырқалып, арнаулар оқылды.
Шараға қатысқан ақынның жерлесі, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Оспанұлы Facebook-тегі парақшасында Мұқағали Мақатаев туралы келесідей салмақты ой-түйін жазып отыр. «Денсаулығының сыр бергенін біліп, Әзірейіл періштенің қай сәтте де жанын алуға әзір екенін санасымен түйсініп, сөз құдіреті арқылы өз тағдырының түгесіліп бара жатқанын сезінген ақын жүректің сөзін ақ парақтың бетіне былайша төгіпті:
Өзімнің есебімде,
Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.
Кім біледі...
Ендігі қалған өмір,
Неше жылға жетерін,
Неше күнге
Ұмыт болып есебің, өсегің де,
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,
Қырықтың бесеуінде.
Айтқаны Айдай анық келді ақынның.
Осыдан дәл 45 жыл бұрын, яғни дәл бүгінгі 27 наурыз күні Мұзарт шыңның мұзбалағы атанған Мұхаметқали (Мұқағали) Сүлейменұлы ажал сағаты жеткенде көшеде емес, далада емес, аурухана бөлмесіндегі өзіне тиесілі төсегінде енді қайта оянбастай ұйықтап кетті. Дәл қырықтың бесеуінде!» деп жазады ақын Жұматай Оспанұлы.
27 наурыз 2021 ж. 806 0