Қызылорда – Жезқазған жолында жөндеу жұмыстары қашан басталады
Биыл көптен күткен Қызылорда – Жезқазған жол жобасын жүзеге асыру басталады. Бұл туралы премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарағанды облысында жол инфрақұрылымын дамыту жоспарлары туралы Жеңіс Қасымбек баяндады. Облыс басшысы өңірді дамыту үшін Қарағанды – Қарқаралы, Жезқазған – Арқалық, Жезқазған – Қарағанды секілді маңызды жол жобаларын атап өтті.
«Бүгінгі таңда, Министрліктің мәліметі бойынша, Жезқазған – Қызылорда облысының шекарасы автожолының 208 шақырымын қайта жаңартуға жобалық құжаттаманы әзірлеу аяқталды. Жезқазған және Қарағанды қалалары арасындағы байланысқа, оның ішінде туристік кластерді дамыту үшін қажеттілік зор», – деп хабарлады Жеңіс Қасымбек.
Айта кету керек, автожолдардың ұзындығы бойынша Қарағанды облысы республикада бесінші орында тұр. Қызылорда – Жезқазған учаскесі бұрыннан жөндеуді қажет етеді. Бұл мәселені облыс тұрғындары да бірнеше рет көтерген болатын.
«Ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 6 мың шақырым автожолдарды қайта қалпына келтіру, жөндеу және салу бойынша, оның ішінде 1,2 мың шақырым жолда қозғалысты аша отырып, ірі жобаларды аяқтау қажет, мысалы, Талдықорған-Өскемен (768 км), Қарағанды – Балқаш – Қапшағай (645 км), Қалбатау-Майқапшағай (415 км) және басқалары сияқты ірі жобалар іске асырылатын болады. Қызылорда – Жезқазған – бұл өте маңызды жоба. Әкімдіктер 2,6 мың шақырым жергілікті автожолдарды салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, жол бойындағы сервистің 125 жаңа нысаны салынады», – деді Асқар Мамин.
Жергілікті маңызы бар жолдарға келетін болсақ, биыл жөндеу жұмыстарымен 700 шақырым автомагистраль қамтылатын болады. Жөндеу жұмыстары 80 ауылда, сондай-ақ облыстың барлық қалалары мен аудандарында жүргізіледі. Өңірдің 59 асфальт-бетон зауыты, 3 мың арнайы техника және 5 мың адам тартылатын болады. Қолданылатын материалдар мен жүргізілетін жұмыстардың сапасына ерекше назар аударылады. Ол үшін жол активтері сапасының ұлттық орталығымен шарттар жасалды.
Сондай-ақ, биыл Қарағанды – Балқаш және Балқаш – Бурылбайтал учаскелерінде жұмыстар жалғасатын болады. Жыл соңына дейін төрт жолақ бойынша қозғалыс ашылады және жеке учаскелер пайдалануға беріледі.
syrboyi.kz