Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЗЫЛОРДАДАН АСТАНАҒА ДЕЙІНГІ ГАЗ ҚҰБЫРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ШІЛДЕ АЙЫНДА БАСТАЛАДЫ

ҚЫЗЫЛОРДАДАН АСТАНАҒА ДЕЙІНГІ ГАЗ ҚҰБЫРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ШІЛДЕ АЙЫНДА БАСТАЛАДЫ

Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Қараөзек» компрессорлық станциясына барды, онда Премьер-Министр Президенттің бесінші әлеуметтік бастамасы – «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» шеңберінде «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылыс жоспарымен танысты.
Қараөзек станциясы Қазақстан кен орындарының батыс топтарынан (Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз, Жаңажол және Өріктау газы) табиғи газды тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету үшін Бейнеу-Бозой-Шымкент газ магистралды жүйесінде жұмыс істеуге бағытталған. Зауыттың өнімділігі жылына 10 миллиард текше метрді құрайды, бұл көрсеткішті болашақта жылына 15 миллиард текше метрге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Биылғы шілде айында «Қараөзек» компрессорлық станциясынан «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» бағытында 2,7 миллион адамды табиғи газбен қамтамасыз ететін «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы басталады.
Анықтама үшін: Бірінші кезеңде ұзындығы 1081 шақырым «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Астана» бағыты бойынша магистральдық газ құбырының құрылысы жоспарланған. Екінші кезеңде ұзындығы 276 шақырым болатын «Астана – Көкшетау» газ құбыры тартылады. Үшінші кезеңде - 177 шақырым болатын «Көкшетау – Петропавл» учаскесі және соңғы төртінші кезеңде аталған газ құбырынан газ тұтынудың болжамды ұлғаюын есепке ала отырып, магистралды газ құбырының өткізгіштік қуатын жылына 3 млрд текше метрге дейін жеткізу үшін «Жезқазған» және «Теміртау» компрессорлық станцияларын тұрғызу жоспарланған. Магистралды газ құбырын толтыру және тұтынушыларды газ жеткізумен қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана әкімдіктері 2019 жылдың шілдесіне дейін газ құбырының аяқталуын синхрондау арқылы газ тарату желілерін жобалайды.
Сондай-ақ бұл жоба магистралды газ құбыры бойындағы инфрақұрылымды белсенді дамытуға, табиғи газды пайдалануға қатысты жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Сапар барысында «Қызылорда-Жезқазған» автожолын дамыту перспективалары да қаралды.
kyzylorda-news.kz
29 наурыз 2018 ж. 973 0