Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АЙДЫНДЫ ӨҢІРДЕГІ АЙШЫҚТЫ ІСТЕР

АЙДЫНДЫ ӨҢІРДЕГІ АЙШЫҚТЫ ІСТЕР

Арал ауданы жыл сайын дамудың даңғыл жолына шығып, әр салада жетістіктерін еселеп келеді. Оған айқын дәлелді алыстан іздемей – ақ  соңғы жылдары халық санының да айтарлықтай өскендігінен айтсақ болады. Бұған дейінгі – 70536 адамды құраса,  биыл көрсеткіш 77916-ға жетті.
Сондай-ақ,  Ауданға тартылған  инвестиция  көлемі біршама артып, көптеген жаңа жұмыс орындары ашылды. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізінің, «Жезқазған-Сексеуіл» теміржолының, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының және «Кеңқияқ-Атасу» мұнай құбырының құрылыстары қарқынды жүруі де ел дамуына елеулі үлес қосуда.Өнеркәсіп саласында да көңіл көншітерлік өркендеуді көреміз. Өткен жылы өнім көлемі 7164,4 млн теңгені құрады. Азық-түлік тағамдары өндірісінің, балық өнеркәсібінің, бетон, тұз және кварц топырағы өндірісінде  өнімділік көлемі артқан. Әсіресе ақ алтынымыз «Аралтұз» АҚ  өнім өндіруде жыл сайын өз көрсеткішін еселеп келеді. Кәсіпорында «Ас және техникалық тұз өндірісін ұлғайту» жобасы іске асырылып, ауыз толтырып айтарлықтай инвестиция салынды.
Әлеуметтік саладағы оң өзгерістерге тоқталсақ. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде мектептер мен мемлекеттік балабақша ғимараттары салынып, жеке балабақшалар бөбектерге есік ашты. Оған қоса 3 емхана мен 6 ауылдық амбулатория қолданысқа берілді. Биылғы жылы Арал қаласынан 150 орындық аудандық орталық аурухананың құрылысы басталды. Сондай-ақ, елді  мекендердегі мәдениет  ошақтары қайта жанданып, екі ауылдық Мәдениет үйі мен тарихи мұражайы және "Рәміздер" алаңы бой көтерді.
          Аз уақыт ішінде  62 арендалық тұрғын үй, Сексеуіл кентінде әкімшілік ғимараты бой көтерсе, газдандыру жобасы аясында Арал қаласы көгілдір отын желісіне қосылғанын айта кетпей болмас. Автомобиль жолдарын жөндеуге және қайта салуға қомақты қаражат бөлініп, 228,9 шақырым жол жөндеуден өткізіліпті. Осылайша жол сапасы 43 пайызға дейін жақсарды. Аудан  орталығы түгелдей орталықтандырылған  ауыз су жүйесіне қосылды. 8 елді мекеннің тұрғындары «Арал-Сарбұлақ» топтық су  құбырының қызметін пайдаланса, 12 елді мекеннің ішкі су жүйелері қайта жаңғыртылды. Арал қаласы, Сексеуіл, Жақсықылыш кенті мен бірнеше ауылдық округтерде электр желілері мен қондырғылар қойылып, барлық шалғай елді мекендерге әуе желісі арқылы байланыс орнатылды. Қаратерең, Бөген, Қарақұм, Қамыстыбас, Ақирек, Аралқұм, Аманөткел және т.б. елді мекендері ұялы байланыс желісімен қамтылып, халыққа     қызмет етуде.
         Осынау атқарылған ауқымды шаралар ел дамуына елеулі үлес қосып, халықтың әлеуеттін арттыруға септігін тигізуде. Өркениеттің көшіне өрлей қадам басқанАрал ауданының биылғы жылы алға қойған жоспарлары аз емес. Соның ішінде кәсіпкерлік саласын дамытып, халықтың өз-өзін жұмыспен қамтуы бағытындағы жұмыстарды бірізділендіу екендігін баса айтқан жөн. Бұған қоса осы жылы калцийлендірілген сода зауытының құрлысы іргетасының қалануы да аудан дамуына оң өзгеріс әкелері сөзсіз.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
28 наурыз 2018 ж. 1 259 0