Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кіндікте кие бар

Кіндікте кие бар

Үйдегі ерке бала есейе келе жаңа бір жағымсыз қырын көрсетсе немесе оғаш қылыққа бой алдырса, көпшілік: «Кіндік шешесіне тартып кеткенін қарашы. Ырымның тегіні жоқ қой», – деуші еді. Өйткені қазақ жаңа туған баланы жөргектен көтеріп, шынайы ниетпен кескен адамға тартады деген сенім бар. Ай-күні жақындаған жүкті әйелдің ауылда беделді, көпті көрген, бойында жақсы қасиеттері басым, пысық адамды үйіне шақырып, «Қарын той» жасауы да осыдан пайда болса керек. Туған-туыс, көрші көлемге ат шаптырым дастарқан жайып, «кіндік шеше» атандырып, көпшілікті хабардар етеді. Бұлай істеудің де өзіндік қажеті, мұқтажы бар. Кіндік ана болғысы келген ана аяғы ауыр келіншекке ерте көмектесе бастайды. Жерік астарын тауып береді. Тамақ істеп, кір-қоңысын жуып береді. Рухани жебеп, қамқорлық көрсетеді. Босанғанша көзінің қарасын үзбей, қадағалау да міндетіне кіреді.
Түсіне білген адамға кіндікте кие барын батыр Бауыржанның келіні, салт-дәстүрді дәріптеуде ерекше еңбек сіңірген Зейнеп Ахметова да айтып отыр. Тіпті баланың ересек өміріне әсер етуі мүмкін.
– Ертеректе ұл баланың жолдасын алты қырды асырып, ал, кіндігін табалдырықтың астына көмген. Әжелеріміздің «табалдырықты баспа» дейтіні сондықтан. Ұл – шаңырақтың иесі, елін-жерін қорғайтын ертеңгі азамат, болашақ жауынгер әрі түздің адамы. Ал қыз баланың жолдасын да, кіндігін де оттың басына көмген. Олай болатыны, қыз қай жерге бармасын, қазан-ошаққа ие болар болашақ келін, ұрпақ өрбітетін ана деп қарайды. «Оттың басына түкірме» дейтін тыйымның мәні осында жатыр», – дейді этнограф-ғалым.
Шарана дүниеге келмей жатып, киелі міндетін белсенді атқарып жүрген кіндік ананың қайырымына, ақ көңіліне риза болған ата-ана оған үлкен құрмет көрсетіп, сый жасайды. Шамасы жетсе ат мінгізіп, бұзаулы сиыр береді. Соңғы кездері алтын сақина, жүзік, білезік тағу әдетке айналды. Асыл жібектен көйлек кигізіп, шапан жабатындар да аз емес. Тіпті болмаса, қозылы қой, лақты ешкі тарту етеді. Бірақ кіндік шеше болуға ұмтылғандардың ойында сыйлық емес, ең алдымен баланың болашақта қандай адам болатыны, қырық күндік қатерден аман-есен шығару мәселесі тұруы керек. Өкінішке орай, соңғы кездері кіндіктің киесіне мән бермейтіндер саны артып келеді .
Перзентхана қызметкерлері бүгінде кіндікшешеге жағдай жасау қаралғанын айтады. Егер босанғалы тұрған келіншектің тусытары немесе кіндік шешесі ырымнан аттап өтпей, кіндігін қиямын десе мархаббат. Мұны көбіне босану процесіне серіктес болып кірген адам жасайды. Алайда қазіргі таңда әлемді жаулаған індетке байланысты мұндау рухани демеушілерге перзентхана есігі тарс жабылды. Содан кейін киелі кіндікті кез келген акушер немесе дәрігер кесе салатын болды. Оның жауапкершілігі туралы ойланып жатқан адам аз. Салт-сананы елемейтіндер бұған дейін де кіндік кесуге айтарлықтай мән бермейтін. Етек-жеңін жиып, үйіне қайтқаннан кейін, үйлену тойында «қыз жолдас» болған етегіне бала оралмаған қызға «кіндік шеше» атағын телитіндерді де көріп жүрміз. Негізінде мұндай игі істі көпбалалы, тұрмыста үлгілі болған адамдар атқармаушы ма еді? Бұл жастардың дәстүрден хабарын аздығын көрсетсе керек.
Әйтепесе дәстүрде өмірдің ақиқаты бар. Мәселен, баланың кіндік анасын ата-ана қалай да риза етуді ойлайды. Неге десеңіз, кіндік ана ренжіп қайтса немесе өкпелесе бала "қыңыр мінезді", өкпешіл болады, ел арасында берекесі кетеді деп ырымдайды. Кіндік ана баланың кіндігін кескен күннен бастап кіндік жолын алады. Өзіндік кәдесін жасайды. Оны риза етеді. Дастарқан толы тәтті, пісірілген дән түйіп, шашу шаша келеді. Астау толы ет пісіріп, майлы дастарханға түйеді. Оған қоса бауырсақ, шелпек, құрт-ірімшік, тәтті қант, шай сияқты дәмдерді де әкеледі. Босанған әйелге арнап, асыл кездемеден көйлек кигізеді. Жаңа туылған нәрестеге, яғни кіндік баласына «ит көйлек» тігіп алып келеді. Есік алдына келгенде есіктен төрге дейін тәтті бауырсақ, құрт-ірімшік, қант сияқты дәмдерден ішіне күміс теңге араластырып, шашу шашады. Оны үйде отырған әйелдер, балалар теріп жейді. Бір сөзбен айтқанда талайдың жанын жадыратқан қуанышты күн болады.
Жалпы ел арасында «кіндікті әйел адам кеседі» деген түсінік қалыптасқан. І.К.Кеңесбаев жалпы редакциясын басқарған Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің бесінші томында «Кіндік ата» немесе «Кіндік әке» деген терминдер кездеседі екен. Екеуінің мағыналары – бірдей. Мынадай мағынаны білдереді: Кіндік ата (әке) – кіндік кесетін ер адам. Тұңғыш перзентін ұзақ уақыт бойы күткен отбасында дүниеге ұл бала келсе, оның кіндігін ер адам кеседі. Бұл – қалыптасқан дағдыдан (әйел кесетін дағды, дәстүр) бөлек жағдай.Тіпті ертеректе қазақ ұлының кіндігін текті ер азаматтардың кескенін жөн көрген.
Бұл жайында Нұр-Мүбәрәк Египет Ислам мәдениеті университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Досымбек Қатыран: «Абылай хан секілді ел басқарған хандар мен өзге де билік өкілдері "өкіл, көкіл немесе көке" деп атайтын туыс ағайындардың тәрбиесінде болған. Олар – көбінесе сегіз қырлы, бір сырлы, білім мен ғылымға жақын жандар. Бүгінгі таңда кіндік әке мен шеше де дәл осылай бір кісідейін бала тәрбиесіне атсалысады. Әдетте кіндік әке мен шешені сәби туа салғанда тағайындайды және олар да бала есейіп, ер жеткенше қамқор болады», – дейді.
Ал психолог Салима Сатылғанқызы кіндік кесушіні анықтау – жақсымен жақын дос болу мақсатымен де жасалатынын айтып отыр.
– Кіндік әке-шешенің бала өмірінде атқаратын рөлі шексіз. Бірінші орында сәбидің өз ата-анасы, екінші орында кіндік әке-шешесі тұрады. Жасы кішкене сәби өз анасынан мейірімділік пен жылылық көріп өссе, кіндік әке-шешеден өмірлік сабақ алады. Бір шетінен ол өмір атты ұзақ жолда жетекшінің рөлін атқарады десек те артық емес. Қазақ халқы кіндік әке мен шешеге үлкен талап қойып, тілек білдірген. Әдетте кіндік әке-шеше ретінде өз балаларын аяғынан нық тұрғызып, жақсы тәрбие берген, ел ішінде аса қадірлі жандар таңдалған. Байлығына емес, рухани мәдениеттілігіне, табиғи шынайылығына, қара қылды қақ жаратын әділді болуына қараған. Ондай жанға отбасының мүшесі ретінде қарап, жақын араласқан, – дейді ол.
Қалай болғанда да дүние есігін ашқан сәби ең алдымен кіндік шешесін көреді. Баланың қыз немесе ұл екенін, түр-әлпеті кімге ұқсайтынын айтып, сүйіншілейтін де сол. Кейін қылығы жағымды, ел сүйсінер азамат болсын деген ата-ана кіндік шеше таңдауға ерекше мән берсе керек. Өйткені бұл сан ғасырлық тәжірибеден пісіп шыққан түсінік. Даналықпен өрілген мұндай салттың өміршеңдігі бүгінгілердің қолында екенін есте ұстайық.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

qazaly.kz
06 сәуір 2021 ж. 626 0