Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Егер күйеуіңіз ақша таппаса…

Егер күйеуіңіз ақша таппаса…

Соңғы уақытта көптеген әйелдер психологқа көбінде бір ғана мәселені жиі айтып келе бастаған. Яғни, нәзік жандылар өздерінің күйеулері жөнді табыс таппайтынын, тіпті жылдар бойы жұмыссыз жүре беретінін, балаларын асырау қаперлеріне кірмейтінін, әйелінің тапқан жалақысына намыстанбай күн көретінін айтып шағымданған. Бұл тақырып жөнінде әңгіме бұрындары да қозғалғанмен тағы қайталап өтейік. Егер сіздің жарыңыз жылдар бойы қасыңызда жүріп, еркек секілді ақша таппаса, жұмыс істеуге құлықсыз болса, балаларыңыз бен сіздің өміріңізге жауапкершілікпен қарамаса, сөйте тұра сізге көңіліңіз толмаса… онда бұл мақала сізге өте-мөте қажет. 


Неге бұлай болып шықты?
Бұған кінәлі, өкінішке қарай, күйеулері емес, әйелзатының өзі. Неге десеңіз, табиғат жаратылысынан әйел адам ерлерге қарағанда жүйке төзімділігі, көңіл-күй ұстамдылығы, психикалық өмірлік күш-қуат, қажырлық жағынан әлдеқайда күштірек. Егер сіздің күйеуіңіз, жетістікке жете алмаса, демек, сіздің оған деген ықпалыңыз төмен болғаны. Бір әйелдердің қасында ер адам байлығы тасып, тасы өрге домалап, беделі арта бастайды, ал бір әйелдердің жанында керісінше тақыр кедейленіп, шекесі шылқымай-ақ қояды. Ештеңеге жарымай, қолынан түк келмейтін біреу болып шығады. Керек десеңіз, ерге физикалық күш-қайраты бәсеңдеп, белсіздікке де ұшырап жатады. Әңгіме бұл жерде әйелдің еркекті қанаттандырып, шабыттандыра білуінде, әйел өзін ері алдында қалай ұстай білетіндігінде!
Мәселен, әйелі өз қолымен тапқан ақшасын күйеуіне беретін болса, ол әйел әлгі ер адамның энергетикасын жойып жатыр деген сөз. Мұндай жағдайдан соң, еркектің өз күшіне қайтып келуі қиын және олардан дені дұрыс еркек шыға да қоймайды.  Бір психолог 500-ден аса әйелге сауалнама жүргізіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп келген. Сондағы тестке қатысқан әйелдердің барлығы бір кездеріне күйеулеріне өздері «демеуші» болып, материалдық жағынан қол ұшын берген. Нәтижесінде, осындай қарым-қатынас жасаған жұптардың ешқайсысы бір шаңырақ астында тату тұра алмаған. Тіпті, ажырасып кеткендердің саны өте көп болып шыққан. Мұндай әйелдердің күйеуі санадан тыс өмірлік серіктерін ренжітіп, төмендетіп, қорлап, басынып, кейде оның алдында кішкентай бала сияқты еркелеп те отырған. Сондықтан, ешуақытта ер азаматқа, мейлі ол сіздің күйеуіңіз, әкеңіз, бауыр ініңіз, ағаңыз болса да… ақша беруге болмайды. Қажет десеңіз, ол қандай қиын жағдайға тап болса да, өмірі ауыр болса да… Еркек өз қиындықтарын, өз мәселелерін өзі шешу керек. Ол сонда ғана нағыз еркек, сонда ғана өзін еркек сезініп, дами алады. Тығырықтардан шыға білген жан ғана азамат бола алады! Оған сенім білдіріңіз, сеніңіз!
Ал, егер сіз ер-азаматқа қалайда ақша беріп қойған болсаңыз, онда бұл қаржыны ол үш есе көбейіп қайтарып беруі тиіс. Сонда ғана ер адамның энергетикасы бұзылмайды. Тіпті, ұлыңыз он сегізге толды ма, оған ақша беруді доғарсаңыз болады. Кәмелетке келген жігіт еңбек етсін, ол еңбекке жарамды, ақыл-есі орнында, жан-жағындағы мүмкіндіктерді пайдалансын. Осылай ету арқылы, осы талаппен өмір сүру арқылы, сіз одан нағыз ер-азаматты жетілдіріп шығарасыз. Сіз оған осылай көмектесе аласыз. Тиын-тебен беріп көмектесу, ол еркектер үшін көмекке жатпайды. Өзін асырай алатын, өзгелерге қол ұшын беруді үйрене алған жігіт өз өміріне де, жақын бауырларының өміріне де жауапкершілікпен қарай алады.
Енді ақша беру кезіндегі сіздің көңіл-күйіңізді, ішкі сезімдеріңізді байқап көрейік. Сонымен сізге ер адамға ақша беріп жатқанда қандай күйде боласыз. Шыныңызды айтыңызшы, ақша беру сізге ұнай ма? Ер адамға ақшаны шын көңілден ішкі қалауыңызбен бергіңіз келе ме? Көптеген әйел бұл сұрақтарға «жоқ» деп жауап беретініне сенімдімін. Себебі, табиғатта әйелдің ер адамға ақша беруі, қол ұшын созып көмек беруі – қарама-қайшылықты нәрсе. Көбінде мұндай кезде әйелдердің бойында ашу-ыза, жағымсыз толқыныс туады. Бір жағынан бұл бізге ауру әкеледі, тағы да біз әйелдік нәзіктігімізден, табиғи жаратылысымыздан алыстай бастаймыз.  Ер адамға ақша берген әйел – өзін әйел ретінде жоғалта бастайды, өзін-өзі жек көре бастайды, өзіне ашуланады, соңында өзін жоқ қылып тынады. Бұндай жағдайды көптеген әйелдер басынан кешірген. Айналып келгенде, осының барлығы ер адамды аяғаннан, оны қиындықтан құтқарғысы келгендіктен, оған көмектесіп, мәселесін оңайлатып шешіп бергісі келгендіктен…
Бір күні бір бойжеткен өзі қатарлы жігітпен танысып, достасады. Олар кездесіп жүргенде жігіт ойламаған жерден қыздан ақша сұрайды. Анау-мынау емес, қомақты ақша керек екен. Шын мәнінде қыз әлгі жігітке ақшаны бергісі келмейді, алайда көмек қолын созбау да ыңғайсыз…  Содан қыз әрі ойланып, бері ойланып, жігіттің сұраған ақшасын тауып береді. Содан соң, олардың кездесуіне әрқандай кедергілер тап болып, ақыры достастықтары жалғаспай қалады. Тіпті қыздың өзі ол жігітке деген сыйластығы жоғалғанын айтады. Түптеп келгенде, әйел ер адамға ақша емес, күш-қуат беретін сөзбен жігерлендіріп, энергия, қолдау, сенім беріп отыру керек. Сонда ғана әйелдің ерге берген жылылығы, шабыты, бәрі өзіне екі есе табыс, ақша болып қайтып келмек. Ал, біз де көбінде керісінше, табиғи заңды бұзып, ерлердің алдына өзіміз түсіп, өзіміз аузына қасық тосып, ақшасын тауып беріп, кей жағдайда жұмысқа да тұрғызып, өбектеп анасының рөліне еніп кетеміз. Бұл ер мен әйел қатынасын жояды.
Сыйлық ала білу керек
Кейде әйелдер күйеулерінен ешбір сый алмайды. Алуды да артық көреді. Егер күйеуі сыйлық немесе табысын әкеліп тұрса – бұл алдымен әйелдің сыйы, соның арқасы!  Өйткені, табиғат солай жаратқан, күйеуінің табысқа жетуіне әйелі күш салды. Күйеуін қолпаштады, оған өмірлік энергия берді.  Күйеуі сыйлық, не болмаса тұрмысқа қажетті бұйымдар әкелсе, жалақысын берсе және оны әйелі қуанышпен, шын көңілмен қабылдаса, онда әйел мен ер арасында энергия толығымен алмасты деуге болады. Ер адам әрі қарай күш-қуаты артып, өзін дамыта жетіле түседі, тынысы ашылады, одан сайын жетістіктерге қол жеткізе жөнеледі. Ал, керісінше әйелі сыйлықты қабылдай алмаса, ақшаны үнемдесе, «мынау тым қымбат ғой, сатып алып керегі жоқ еді ғой, неге олай еттің?» десе, күйеуінің табыс каналын шорт кеседі. Ақша да күйеуінен теріс айнала бастайды. Жолы да оңғарыла қоймайды (бұл процесс күйеуіңіз басқа әйелді кездестірмейінше жалғаса береді, егер сыйлық қабылдайтын, оны шабыттандыра алатын, өмірлік энергия беретін әйел кездессе, ол табысқа жетуі әбден мүмкін. Немесе сіз түбегейлі осылай өзгере алуыңыз керек. Сол себепті, күйеуіңіз сізге ұнамайтын сыйлық әкелсе де, қуана қабылдай біліңіз. Оның табыс арнасын өзіңіз ашыңыз.
Кейбір жағдайда, алған үстіне ала бергісі келетін, ешқандай ақшаға да, сыйлыққа да көңілі толмайтын, қанағатсыз әйелдер болады. Қалай ойлайсыз, мұндай кезде әйел күйеуін табысқа жетелей ала ма? Жоқ. Көңілі толмай, қанағаттанбай  алған сый пен ақша ерлерді шаршатады, бос әурешілікке салады, бұдан олар бос шелекті даңғырлатып жатқандай күй кешеді.
Егер осының барлығынан сіз өзіңіздің бейнеңізді көріп отырған болсаңыз, онда қазірден бастап, Жаратушыға ризашылығыңызды білдіріңіз. «Иә, қазір мен күйеуіме көңілім толмайды, себебі, ол табыссыз. Әперген сыйлықтары ашуымды келтіреді. Алайда, оның табысты болғанын, алып берген сыйлықтарын шын көңілмен, қуанышпен қабылдағанымды қатты қалаймын. Менің өзгергім келеді». Расында, көп ұзамай өзіңізде өзгерістер пайда болғанын байқай бастайсыз…

kyzylorda-news.kz
18 сәуір 2021 ж. 1 105 0