Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүргізуші куәлігін алу үшін қандай медициналық құжат қажет?

Жүргізуші куәлігін алу үшін қандай медициналық құжат қажет?

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой көлік құралдарын басқару құқығына үміткер адамдарды медициналық тексеруден өткізу ережелерін өзгерту туралы бұйрыққа қол қойды.
"Өтініш берушілерге көрсетілетін медициналық тексеріс терапевт пен 5 нақты ереже пунктінде көрсетілген мамандар мен психоактивті заттар қолданысын биологиялық ортада зерттеу қызметін қамтиды", – делінген хабарламада.
Осылайша, жаңа ережелерде флюорографиялық тексеруден өтуге ешқандай талаптар қойылмаған.
Комиссия құрамына мынадай дәрігерлер кіреді: терапевт, офтальмолог, оториноларинголог, медициналық психологпен психиатр немесе арнайы психолог пен нарколог. Медициналық комиссияның штатында қажетті мамандар болмаған жағдайда, медициналық ұйымдардың басшыларымен келісім бойынша тиісті бейінді мамандар комиссия құрамына енгізіледі.
Құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызметтерді көрсету нәтижелерін беру тәртібі өзгертілді. Егер бұрын бұл тек қызмет көрсетуші (медициналық ұйым) арқылы мүмкін болса, енді құжаттарды "Электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы жіберуге және алуға болады.
Өтінішті электронды түрде беру кезінде көрсетілетін қызметті беруші «электрондық үкімет» шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден жеке басын куәландыратын құжат туралы ақпарат алады.
Мемлекеттік қызметті электрондық форматта алу үшін жүргізуші куәлігін алғысы келетін адам порталға сұраныс жіберіп, ЭЦҚ-мен қол қоюы керек. Нәтиже азаматқа «Жеке кабинетте» электронды құжат түрінде жіберіледі.
Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартудың негіздемесі:
♦ мемлекеттік қызметті алу үшін ұсынылған құжаттардың немесе ондағы мәліметтердің дұрыс еместігін анықтау;
♦ тізім бойынша толық емес құжаттар пакетін немесе мерзімі өткен құжаттарды ұсыну;
♦ медициналық тексерістің теріс нәтижесі.

massaget.kz
19 мамыр 2021 ж. 466 0