Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Блогер болу қиын…

Блогер болу қиын…

Әйгерім БАҚЫТЖАН, БЛОГЕР:
Бүгінгідей интернет дамыған заманда адам қиялы мен мүмкіндіктеріне шектеу қою мүмкін емес. Қазір кез келген адам әлеуметтік желілер арқылы өз ойын ашық айта алады. Сондай-ақ әлеуметтік желіде оқырман жинап, белгілі бір аудиторияға өз пікіріңізді, өз көзқарасыңызды еркін жеткізсеңіз де болады. Осы мақсатта түрлі блогтар жасалады және блогты жүргізуші адамды «блогер» деп атайды. Сондықтан блогерліктің қыр-сырын қысқаша сұхбатымыздан біле аласыз.
– Блогер болу оңай ма?
– Оны тек пост жазып, видео түсіріп қоюмен шектеледі десеңіз, қатты қателесесіз. Блогер өз аудиториясына не ұнайтынын, оларды не қызықтыратынын алдын ала білетін және соған қарай өз ісін туралайтын креативті, жан-жақты тұлға. Блогер ол – білімді, мәдениетті, әр айтқан сөзін аса сауаттылықпен дәлелдей алатын, зерттеушілік-аналитикалық қабілетке ие. Блогерлер тіпті бизнеспен де айналыса алады. Олар өз парақшасы немесе арнасында жарнама беру арқылы кәсібін ілгері жүргізе алады. Оның әрбір блогынан оқырманы тың жаңалық күтеді. Сол үшін блогерлерге қойылатын талаптар та жоғары.
– Блогерлік негізінде бізге батыстан Ресей арқылы келгені рас. Отандық, қазақ тілді блогерлеріміз шетел немесе Ресей блогерлеріне бәсекелес бола ала ма?
– Біздің блогерлеріміз енді ғана қалыптасып, аяғынан тұрып келе жатқан тәжірибесі мен біліктілігі аз жас әлеуметтік топ. Орыс тілді блогтар біршама дамып, өз оқырмандарын тапты десек, қазақ тілді блогтар әзірге бірлі-жарым ғана. Отандық блогерлердің деңгейін мынадан анық байқауға болады: бізде ресейліктер сияқты блогерлер белгілі тақырыптарға арналған жеке блогын ашуға әлі бейімделе қоймаған. Тағы айтып өтетін дүние біздің блогерлерімізде шетел контенттерін көшіру өте көп. Қазақ қоғамына сай дүние жасауға біздің блогерлердің қауқары жетеді!
– Сіздің блог арқылы табысыңыз қанша және жолдасыңыз қарсы емес пе?
– «Блогер ақшаның астында қалады» деп енді бастап жатқан блогер ойлауы мүмкін (күліп). Өзге блогерлерге жауап бере алмаймын. Жеке өз отбасыма жетеді. Жолдасыма келетін болсақ, ол маған мотивация беріп отырады. Сондықтан ол жағынан бізде бәрі «ОК» (күліп).
– Бірақ шынын айту қажет, біздің блогерлер көруге тұрарлық контент жасау жағынан артта қалып қойған сияқты? Сіз қалай ойлайсыз?
– Иә, жоғарыда айтып өткенімдей орыс тілді блогерлерден көшірме жасайды. Сондықтан «Хайп» қуалап кететіндер көп. Өзіме келетін болсақ мен тек оқырмандарыма керек дүние түсіремін. Өйіткені маған басым көпшілігі жас аналар жазылған. Сондықтан өзімізде интернеттен тек керегімізді алып фильтерден өткізіп үйренейік!
– Сұхбатыңызға рақмет!
31 мамыр 2021 ж. 723 0