Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда несие алу тәртібі өзгерді

Қазақстанда несие алу тәртібі өзгерді

Қазақстандықтардың несие алу тәртібі өзгерді. Енді микрокредиттік ұйымдар қарыз алушыға қатысты мәліметті толыққанды тексермей, азаматқа бір тиын да қарыз бере алмайды. Соңғы жылдың ішінде 1 мың адамның сыртынан онлайн түрде белгісіз біреулердің қарыз алғаны анықталған. Бұл туралы Egemen.kz 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Онлайн кредит алудың Қазақстанда оңай болғаны соншалық, 1 жылда 1 мың азамат өзінің атында кредит бар екенін білмеген. Енді бөтен біреудің сыртынан несие рәсімдейтін алаяқтардың жолын кесу үшін үш түрлі тәсіл қолданылады. Алғашқысы, несие алушы электронды қолтаңба арқылы жеке деректерін енгізуі қажет. Екіншісі – түр-сұлбаңызды биометриялық идентификаттаудан өткізуге рұқсат беруіңіз шарт.
Сондай-ақ қарыз алушының жеке деректері мен бейнесін екі факторлы тексеру арқылы да жүзеге асыруға болады. Яғни телефонға келген арнайы кодты енгізе отырып та, онлайн-кредит ала бересіз. Бірақ қаржы ұйымы бұл жағдайда да клиентке биометриялық талаптарды орындауын сұрайды.
«Барлық шағын кредиттік ұйымдарға Ұлттық банктің арнайы сервистік жүйесін пайдалана отырып, клиентті нақты тексеру, оның деректерін өтінімде берілген деректермен салыстырып тексеруді, клиенттің нақты биометриялық деректерінің жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген деректерге сәйкес болуын қамтамасыз ету міндеттеледі», деді Қазақстан микроқаржы ұйымдары қауымдастығының басшысы Ербол Омарханов.
10 маусым 2021 ж. 644 0