Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірдің бар қызығы бала ма?

Өмірдің бар қызығы бала ма?

Бала өмірдің – мәні, бала өмірдің – гүлі деп жатамыз. Тіпті көп адамнан «Енді бала үшін өмір сүреміз ғой, қалған өмірімізді осыларға арнаймыз» дегенді жиі естиміз. Алайда бар өмірін балаға арнаған адам өз өміріне уақыты да, энергиясы да қалмайды. Ал өмірінің соңында бар уақытын сарп еткен баласынан оның қайтарымын сұрайтыны анық. Бала ата-ананы өмір бойы асырауға, мәңгілік жанында болуға міндетті емес. Барын берсе, ата-ана өзі үшін, жаратқан алдындағы аманатына жауапкершілікпен қарау үшін жасайды. Ал бұл ертең мені бағады деп, баланың бар жағдайын «қарызға» жасау ағаттық болады.
«Бала – өмірдің мәні» екені рас, алайда өмірдің бар мәнін балаға теліп, онсыз өмірім бос деуге тағы болмайды. Абай «Адамның бір қызығы бала деген» дейді. Зейін салып, қайта оқыңызшы. Бір қызығы деді, бар қызығы демеді. Демек өмірде баладан басқа да мән бар. Балаң болса болды, өмірдің бар мәні сол болса, неге декретте бала бағып бірнеше жыл отыратын әйел қауымы үнемі шаршаңқы, жүйкесі тозған, қабағы қатулы күйде жүреді? «Бір бала бір кемпірді өлтіріпті» демекші, баланы жеткізіп, өз қолы аузына жеткенше мәпелеп өсіру машақаты көп жұмыс. Ал анасы бала бағудан шаршайтынын, қажитынын айтуға тіпті намыстанады, өзгеден көмек сұрауға ұялады.  

Алайда біз мұнымен бала табудан қашыңдар, бейнеті ауыр деп отырған жоқпыз. Қадір Мырза Әлидің

«Бір он жылға қартайтқанмен әрқайсысы,
Он-он жылдан жасартты да емес пе?» деген өлеңі бар. Баланың мойныңа кеп асылғаны, ұрыссаңда, ренжітсең де қайта келіп өзіңе жабысатыны, өмірде бәрінен сені артық көретіні – ешқандай баға жетпес асыл қазына. Осындай қазынаның қызығын көру үшін өтемі ретінде бала бағудың қиынын да көресің.

Ал «Өмірдің бар қызығы – бала» деп, екі жас қосылғаннан кейін арасында бала болмаса, бірнеше жылдан кейін ажырасып жататын жағдай жиі кездеседі. Ажырасу – ештеңенің шешімі емес. Мәселені екі еселеп, қиындатып жібермесе, түк те жеңіл болмайтыны түсінікті. Сондықтан бала болмаса да, ол уақытты өзіңізге арнап, ел көріп, жер көріп, ілім жинаған абзал. Сонда балам жоқ, мен де ел қатарлы бала сүйетін күн қашан туады деп өзіңізді жеуді қоясыз. Күтпеген жерден тағдыр берейін десе, бәрі демде бола салады. Ел сызып берген шекарадан шығып, үйленгеннен кейін міндетті түрде аз уақытта балалы болу керек деген стереотиптен аттай алсаңыз, өмірдің мәні кеңейе түседі.

Дінмұхаммед Қонаев атамыз артында ұрпағы қалмаған. Бірақ адал сүйген жарын аса құрметтегені сонша, баласы жоқ екенін айтып жазғырмаған, ешқашан ажырасу туралы сөз қозғамаған. Ол кісілер баласы болмаса да, өмірі бекер өтті деп айта аламыз ба? Саналы ғұмырын халқына шын беріліп қызмет етуге арнады. Артына өшпес із қалдырып, жақсы атын мәңгілікке жадымызда жаңғыртып кетті.

Ал өзі атағы дардай, абыройы асқақтап тұрған тұлға болса да, балалары әке жолын жалғастыра алмай, қылмыс жасап, жаман жолға түсені қаншама? Сондықтан тағдырдың бергенін алып, бермесе төзіммен күтіп, сол уақыты қайғыруға емес, қоғамға пайдаңды тигізуге жұмсасаң игі.

massaget.kz
20 маусым 2021 ж. 963 0