Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада эпидахуал күрделі

Қызылордада эпидахуал күрделі

Аймақта коронавирус инфекциясының 7392 жағдайы тіркелді. Оның 45,8 пайызы өткен жылы анықталса, ал биыл қаңтар мен шілде айының 6-шы жұлдызындағы көрсеткіш 54 пайызды құрайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова мәлімдеді.
Сондай-ақ, облыста мутацияланған «ҮНДІ» штамының бар екендігі дәлелденген болатын. Яғни, республикаға референс зертханасына 22 сынама жолданып, оның 13-нен вирус штамының серотипі анықталды.
«Республика көлемінде, оның ішінде біздің облысқа да мутацияланған «Үнді» штамының тасымалдануына байланысты ауру күннен күнге көтеріліп, эпидемиологиялық ахуал күрделеніп келеді. Соңғы кездері аурудың басым көпшілігі клиникалық белгілерімен ауыр ағымда анықталуда. Сонымен қатар, 14 жасқа дейінгі балалар арасында, оның ішінде 1 жасқа дейінгі нәрестелер арасынан да анықталуы бізді алаңдатуда. Мысалыға айта кететін болсақ, салыстырмалы 2020 жылы балалар арасында 50 жағдай тіркелсе, ал жыл басынан бері балалар арасында 280 жағдай анықталып отыр. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, коронавирустың «Үнділік» штамы ауруханаға жатқызу мен өлім-жітімнің жоғары ықтималдығымен байланысты. Инфекциядан қорғанудың бірден бір жолы COVID-19 вирусына қарсы вакцинаның толық курсын алу»,-деді Динара Олжабайқызы.
Айта кетейік, өңірде 106 екпе кабинеті болса, 3 егу пункті ірі сауда орталықтарында ұйымдастырылған.

kyzylorda-news.kz
08 шілде 2021 ж. 437 0