Қуаңшылықта шаруаларға қандай қолдау көрсетіледі?

«Өкінішке қарай, біздің елімізден бөлек, басқа аймақтардағы ауа райы да қолайсыз болып тұр. Соның салдарынан көршілес мемлекеттерде жем-шөпке деген сұраныс күрт артуы мүмкін. Үкіметке «Атамекен» ұлттық палтасымен бірлесіп, жедел түрде жем-шөпті сыртқа шығаруға уақытша тыйым салуды қарастыруды тапсырамын. Анағұрлым зардап шеккен фермерлерді қолдау үшін Үкіметті, әкімдіктерді және даму институттарын несиелерді қайта құрылымдау және жем-шөпке қосымша субсидиялар бөлу жұмыстары күтіп тұр», – деп атап өтті Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Сондай-ақ, әкімдіктер мен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары және ҚР АШМ жедел түрде өзге өңірлерден жем-шөп сатып алу үшін жеңілдікті қаржыландырумен қамтамасыз ету керек.
«Бұл проблема қайталанады. Сондықтан, жедел шаралардан басқа саланы жем-шөппен қамтамасыз етуді арттыру бойынша жүйелі шаралар қажет. Жем-шөп жинау жабдығын судсидиялауды жетілдіру, егін мен қоспа жемге арналған өнімдерді сатып алу көлемін ұлғайту қажет. Үкімет пен даму институттары жем-шөп өндірісі кезінде қуаңшылықтан сақтандырудың қолжетімділігін жақсарту мен арттыру бойынша шаралар қабылдауы керек», – дейді Президент.
Сонымен бірге, Үкімет тарапынан, мемлекеттік және салалық институттардан болжау қызметі аса қажет.
«Ауыл шаруашылығы үшін жем-шөп – өндіріс, яғни бизнесті жүргізу факторларының бірі екенін ұмытпау керек. Біз нарықтық әлемде өмір сүріп жатырмыз, оның жағымды және жағымсыз жақтары бар. Сондықтан фермерлер жем-шөппен қамту мәселесіне асқан жауапкершілікпен қарауы тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі әсіресе мемлекеттік субсидия алу бойынша мониторингті күшейтуі тиіс. Бұл әділетті», – деді Қ. Тоқаев.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірлердегі қуаңшылықта тиісті жұмыс атқармағаны үшін Ауыл шаруашылығы министрін отставкаға жіберді.
syrboyi.kz