Тоқаев кредит төлеу мерзімін кейінге қалдыруды тапсырды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке шағын және орта бизнесті қолдау шараларын қарастыруды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Үкіметтен келесі мәселелерді тез арада пысықтауды сұраймын: бірінші – пандемиядан зардап шеккен салалардағы ШОБ субъектілері үшін жекелеген салықтар мен төлемдерді төлеуді кейінге қалдыру, екіншісі – салықтық және кедендік берешектерді мәжбүрлі түрде өндіріп алуды уақытша тоқтату», – деді Тоқаев коронавирус індетіне қарсы қабылданып жатқан шаралар жөніндегі жиында.
Айтуынша, аталған шаралар жаппай вакциналау басталғанға және шектеулердің көбі алынғанға дейін уақытша қолданыста болуға тиіс.
Сондай-ақ, президент Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне экономиканың зардап шеккен салаларындағы ШОБ-қа кредиттер бойынша төлемдерін кейінге шегеру мүмкіндігін пысықтауды тапсырды.