Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сірке суының тұрмыстағы кереметі

Сірке суының тұрмыстағы кереметі

Сірке суы көп жағдайда қауіпті. Бірақ ебін тауып, дұрыс мақсатта қолданса, біраз нәрседе пайдасы бар. Салат, торт секілді түрлі тағамдарға қосуға болады. Дене күтіміне де пайдалансаңыз, әсерін бірден көресіз. Ал үй тұрмысында қандай пайдасы бар екен?

Тұрмыс техникасын қақтан тазалау


Ыдыс жуғыш не кір жуғыш машина қаққа толып қалса, алаңдамаңыз. Оны 1-2 стақан сірке суы тазалай алады. Бар жоғы машинаны бос күйінде іске қосыңыз да, 3-4 минуттан соң, 2 стақан сірке суын жуғыш ұнтақ салатын жерге құйып жіберіңіз. Бұл әдіспен  тек қақты тазалап қана қоймай, 2 аптада бір рет тазалық үшін жасап тұруға болады.

Гүлдердің өмірін ұзарту үшін

Туған күніңізге сыйға тартқан гүл шоғының сізге ұзақ қызмет еткенін қаласаңыз, құмыраға 2 ас қасық сірке суы мен 3 ас қасық қантты жылы сумен араластырыңыз да, сол қоспаға гүлді ортасына дейін батырып қойыңыз.

Кеуіп кеткен дақтарды кетіру үшін

1 ас қасық ыдыс жуатын сұйықтық пен 1 ас қасық сірке суын және 2 стақан жылы суды араластырыңыз. Қоспамен кеуіп кеткен дақтарды сүртіңіз.

Көлік терезесі қыстыгүні қатып қалмас үшін

Қыстыгүні көлік терезесінің қырауланып қатып қалуы заңды. Оны еріту үшін жылы суға 3-тің бірге қатынасындай етіп сірке суын қосып, терезені сүртіп шығыңыз.

Құбырға жиналған қоқыстарды жою үшін

Ас содасы, сірке суы мен жылы судың қоспасы құбырда тұрып қалған қоқыстарды да жоя алады. Ол үшін суағарға жарты стақан ас содасын сеуіп, үстіне бір стақан сірке суын құйыңыз және сондай көлемде ыстық су құйып жіберіңіз. 20 минуттан соң, ағып тұрған таза сумен шайып жіберіңіз.

Көгерген тұстарды кетіру үшін


Таза сірке суы үйдің қабырғасындағы көгерген тұстарды кетіре алады. Ол үшін көгерген жерді сірке суымен дымқылдаңыз. Сәлден соң, қатты матамен ысқылап сүртіңіз. Бұл әдіс көгергенді кетіріп, ендігіде қабырғаның көгермеуіне септігін тигізеді.

Микробтарға қарсы экологиялық құрал

Асүйдегі микробтарды кетіруге бір де бір қатынаста мөлшерленген сірке суы мен жылы судың қауқары жетеді. Осы қоспамен асүй жабдықтарын аптасына 1-2 рет сүртіп тұрсаңыз, балаларды да, өзіңізді де микробтардан қорғайсыз. Бұл қоспамен қысқатолқынды пешті, турайтын тақтайшаларды тазалауға болады.

Бақты арамшөптерден тазарту

25 пайыздық сірке суы бақ ішіндегі арамшөптерді тазалай алады. Ол үшін сол арамшөптердің үстіне сірке суын тамызып шығыңыз. Жақсы нәтиже көрсетпейінше, бұл әдісті қайталай беріңіз.

Аквариумды шөгіндіден қорғайды

Сірке суы мен су аквариумды әкті және тұзды түзілімдерден, шөгінділерден тазартады. Ол үшін аквариумды әр тазалаған сайын қабырғаларын осы қоспамен сүртіп отырған абзал. Бұл әдіспен электр шайнектері мен кофеқайнатқышты, пешті тазалап тұруға болады.

Жағымсыз иістерді жою үшін

Тоңазытқыш не қысқатолқынды пештің ішіндегі жағымсыз иісті осы сірке суы мен қарапайым судың қоспасы тез кетіреді. Оған қоса үйдегі жануарлардың иістерін де жояды. Ол үшін еденді және үй жануары отырған (жүрген) жерлерді сірке суы қосылған сумен сүртіп шығыңыз.

Тағы да

Шүберекті сірке суына батырып алып, былғары сөмке, күрте не аяқ киімді сүртсеңіз, жаңадан сатып алғандай көрінеді.

Кір жуғыш машинасына кір киімді салмас бұрын 10 минут сірке суы қосылған салқын суға салып қойсаңыз, киім өңін жоғалтпайды. Әрі жарты стақан сірке суы киімдегі электрлік қасиетін жояды.

Мысық сірке суын ұнатпайды. Егер ол үй ішінде басқа жерге отырып кете берсе, сол тұсты сірке суымен сүртсеңіз, мысығыңыз ол жерге енді бармайды. 

Кей үй ханымдары жануарларын жылтырап тұруы үшін және паразиттерді қуу үшін үстіне сірке суын шашып қояды.

massaget.kz
30 шілде 2021 ж. 360 0