Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда: Адам саудасына жол ашатын 32 сайт бұғатталды

Қызылорда: Адам саудасына жол ашатын 32 сайт бұғатталды

Қызылордада жыл басынан бері адам саудасына жол ашатын жарнамалық хабарландырулар мен ақпараттық материалдар жариялаған 32 сайт бұғатталды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ОПД криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Ғани Мұқанов мәлімдеді.
Биыл аймағымызда адамдарды заңсыз бостандығынан айыру, құлдыққа салу сынды заңсыздықтар мен азаматтардың құқықтарының шектелу деректері тіркелмеген. Бұл бағыттағы заңсыздықтарды анықтау үшін облыс көлемінде тіркелген 3 106 шаруа қожалықтың 2 660-на тексеру жұмыстары жүргізілді.
«Жыл басынан адам саудасына қатысты 2 хабарлама түсті. Соның бірі, «Евразия» телеарнасы арқылы жаңалықтан «Балалар 500 мың теңгеден сатылып жатыр» деген сұхбат бойынша тексеру жұмыстары жүргізілді. Аталған ақпарат жалған болып шықты. 30 наурызда мемлекеттік емес ұйымнан Қызылорда қаласындағы құрылыс нысандарының бірінде жұмыс жасап жүрген Өзбекстан Республикасының азаматтарын мәжбүрлі еңбекке тарылғаны туралы хабарланды. Бүгінде қылмыстық іс тіркеліп, тергеп тексеру амалдары жүргізілуде. Құрылыс нысанынан анықталған 14 өзбек азаматы Қызылорда облысының әлеуметтік – психологиялық, құқықтық қолдау орталығы үкіметтік емес мекемесіне орналастырылды», – деді Ғани Мұқанов.
Ал аймақта адам саудасына қатысты қылмыстық істердің ең көбі жеңгетайлықпен айналысқандар арасында. Осы жағдайға байланысты биыл 10 дерек тіркеліп, 2 тұлға және жеңіл жүріспен пайда тауып жүрген 14 азаматша есепке алынды. Сондай-ақ, бала сатумен айналысқан 1 дерек, жезөкшелікпен айналысуға тарту бойынша 2 дерек анықталған.

kyzylorda-news.kz
31 шілде 2021 ж. 230 0