Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бес өңірде бақылау күшейді

Бес өңірде бақылау күшейді

Елде індеттің таралу қарқыны күшейді, эпидемиологиялық ахуал алаңдатып тұр. Бірнеше күннен бері барлық өңір «қызыл аймақ» қатарында. Санитарлық талаптарды қатаң сақтау қажеттігі қанша айтылғанымен тұрғындардың ережені ескермеуі, екпе алмауының салдары анық байқалуда. Ересектермен қатар, өкінішке орай, балалардың да вирусты жұқтыру көрсеткіші артып отыр. Кеше ҚР бас санитар дәрігерінің бес өңірде ахуалды тұрақтандыру, бизнестің кедергісіз жұмыс істеуіне бағытталған жаңа қаулысы күшіне енді.
Жаңа құжатта еңбек ұжы­мын вакциналауды қам­тама­­­­сыз етіп үлгермеген кә­сіп­­­­орын­дардың жұмысын рет­­­­тей­тін шектеулер бар. Әзірге жаңа қаулы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау және Қара­ғанды қалаларында күшіне енді. Аталған қалаларда орталық мемлекеттік органдар мен әкім­діктер, құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау ұйым­­­дары, БАҚ пен азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен тіршілікті қамтамасыз ету ұйым­­­дарынан басқа «Ashyq» жоба­­сына қатыспайтын барлық кәсіп­орын мен ұйым қызметі тоқ­та­тылды.
Былтыр осы кезеңде індет ілмегіне іліккендер тым көбейіп, өлім-жітім саны артқаны белгілі. Бірақ биыл да жұрт жаз басталысымен жиі қонақ шақырып, жиын-той жасап, ас беруді жалғастырып келеді. Күшейтілген талапқа сәйкес, енді аталған өңірлерде ойын-сауық, спорт, отбасылық, еске алу және өзге де бұқаралық іс-шараларды өткізуге болмайды. Ал, мемлекеттік органдар, кеңселер, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдар вакцина алған және соңғы үш ай ішінде ауырып жазылған адамдардан басқа қызметкерлерінің 80 процентін қашықтан жұмыс істеуге ауыстыруы қажет.
Құжатта «Ashyq» жобасына қатыспайтын, бірақ келушілердің көп шоғырлануын талап етпейтін ұйымдардың жұмысына рұқсат беріліп отыр. Құрылыс жұмыстары, өнеркәсіптік кәсіпорындар, жанаспайтын қызмет көрсету орындары (көлік жуу, автомобиль, тұрмыстық техника, сағат, телефон, компьютер, аяқ киімді жөндеу, тігін ательесі, кір жуу орындары, химиялық тазалау, кілт жасау, тұрмыстық үй қағидаты бойынша қызмет көрсету және т.б.),  гүл дүкендері, фотосалондар, туристік компаниялар, бизнес орталықтар, сақтандыру компаниялары, адвокат, нотариус, бухгалтер және консалтинг қыз­меттері, жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттіктер, жарнама агенттіктері, сот орындаушылары, айырбас­тау пункттері, ломбардтар, банктер мен «Қазпошта» АҚ бөлімшелеріне жұмыс істеуге рұқсат берілген.
Ал, қоғамдық тамақтану объектілерінің тек алып шығуға және жеткізуге арналған қызметіне рұқсат бар.
Қаулыда «Ashyq» жобасына қатысушы кәсіпкерлерге жеңілдіктер де қарастырылған. Жобаға қатысушы кәсіпорындар мен ұйымдардың қызмет уақыты жұмыс күндері 20.00-ге дейін, «Ashyq көшбасшыларына» сағат 22.00-дейін рұқсат беріліп отыр. Аталған ұйымдар қаулының бұл талабын 9 тамызға дейін пайдалана алады.
Ал, пайдасы үшін келушілерді «Ashyq» қосымшасы арқылы тексермей кіргізген кәсіпкерлер табыс көзін өзі тоқтатқанмен бірдей болмақ. Нақтылап айтсақ, қосымша арқылы кіргізуге немқұрайлы қарап, 20-ға дейін ғана чекин жасаған кәсіпорындар 1 аптаға жобадан шеттетіледі. Бұл олқылық қайталанса, екі ап­таға, одан жөнге келмесе 1 айға дейін «Ashyq» қосымшасының артық­шылығын пайдалана алмайды.
Қазір бұл бес қаладан өзге аймақтарда да жағдай күрделі екені белгілі. Біздің облыста  тамыздың алғашқы күнінде 206 жағдай тіркелген. Науқастардың 83-і инфекциялық стационарда, 123-і үй жағдайында бақылауда. Кейінгі кезде күрт көтерілген көрсеткіш босаңсуға мүлде болмайтынын көрсетіп тұр.  Дегенмен, облыста «Ashyq» жобасына қосылған кәсіпкерлерге жеңілдік бар.
Бұған дейін «Ashyq» жүйесіне қосылғанына қарамастан, сенбі, жексенбі күндері барлық нысан­ның қызметіне тыйым салынған болатын. Қызылорда қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына өзгерістер енгізіліп, демалыс күндері нысандар қызметіне қойылған шектеулер алынып тасталды. Жүйеге тіркелген объектілер сенбі, жек­сенбі күндері де өз жұмысын кү­шейтілген санитариялық-дезин­­фек­циялық режиммен жал­ғастырады.
Адам саулығы қашанда алдыңғы орында. Басқа қалаларда жаңа қаулы қабылдануының негізгі мақсаты да – осы. Бүгінде талаптарды күшейту, санитарлық ережені сақтау осы бағыттағы қажетті әрі ең маңызды шара болып тұр. Өйткені, сақтансақ қана сау болатынымызды ұғынатын уақыт жетті.
Айдана ЖҰМАДИНОВА

syrboyi.kz
03 тамыз 2021 ж. 440 0