Ғасырлар тоғысындағы жыл тартуы
2000 жыл. Өнеркәсіп өнімін өндіру 1999 жылмен салыстырғанда бірнеше есе артты. "Аралтұз" АҚ қалыпты жұмыс істей бастады. Бұл мерзімде 60 мың тоннадан астам тұз өндірілді. Арал вагон жөндеу зауыты 250-ге тарта вагондарды жөндеуден өткізді. Сексеуіл локомотив депосында, басқа да бірқатар өндіріс орындарында өнім өндіру көлемі ұлғайды.
Бұл жылы ауданда 102 ауыл шаруашылық құрылымдары жұмыс істеді. Мас басының өсуі тұрақты артып, олардың жеке қожалықтардағы саны елеулі ұлғайды. Жыл көлемінде 300 миллион теңгеден астам ауыл шаруашылық өнімдері өндірілді. Қала тұрғындарына "Ақбай" алқабында егіншілікпен айналысуға жағдай жасалды. Халықаралық дат-қазақ жобасының қаржыландыруымен Кіші теңізден 100 тоннадан астам камбала балығы ауланды. Тастүбек, Ақбасты, Ақеспе, Бөген ауылдарында балық қабылдау орталықтары құрылды. Бұл жұмыстарға 640 балықшы қамтылды. Сыр бойындағы көлдерді суландыру мен Сырдарияның құяр аяғындағы гидротехникалық жұмыстар жалғасты. "Ақлақ" тоспасы күрделі жөндеуден өтіп, "Сағымбай" каналы кеңейтіліп қазылды және оған көпір орнатылды.
Балық шаруашылығын өркендету мақсатында аудан әкімі Айтбай Көшербай "Жамбыл" және "Райым" өндірістік кооперативтеріне бір млн теңге несиелік қаржылай қолдау көрсетті.
Аудан білім беру мекемелерінде оқу-тәрбие жұмыстарын жақсарту мақсатында материалдық-техникалық базасы нығайтылды. 18 мектеп компьютерлік сыныптарын иеленді. Қамбаш және Қаратерең ауылдарында жаңа мектеп үйі пайдалануға берілді.
Аудандық денсаулық сақтау саласы 2000 жылдан бастап аудан бюджетінен қаржыландыруға көшірілді. Осы мақсатта аудандық денсаулық сақтау бөлімі құрылды. Аудандық аурухана күрделі жөндеуден өтіп, мұнда диагностикалық кеңес беру орталығы жұмыс істеді. Денсаулық сақтау саласы өткен 1999 жылғы миллиондаған қарыздарынан құтылып, жалақыларын уақытылы алуға қол жеткізе бастады.
2000 жылы – мәдениетті қолдау жылы аудан көлемінде көптеген жұмыстар атқарылды. Орталық демалыс паркі қайта жарақтандырылып, оған Арал өңірінен шыққан 16 Еңбек Ерінің атағы берілуі жұртшылықты қуанышқа бөледі. Ауылдық жерлердегі бірқатар клубтар жөндеуден өткізілді. Аралда облыс мәдениеті мен өнерінің күндері өтті. Аралдық әншілер мен термешілер бірнеше облыстық және аймақтық байқаулар мен айтыстардың жүлдегерлері атанды.
Аудандық "Толқын" газетінің 70 жылдық мерекесі салтанатпен атап өтілді. Газет баспасы Арал өңірінде әлеуметтік-экономикалық, рухани -мәдени салаларды дамытудағы үлесі үшін облыстың Құрмет грамотасымен марапатталды. Газет баспасы компьютерлендірілді.
2000 жыл кәсіпкерлікті дамытуда кең өріс ашты. Кіші кәсіпкерлік субъектілерінде 3 мыңға таяу адам жұмыс істесе, оларда 200 миллионнан астам теңгенің өнімі шығарылды. БҰҰ жобаларды қолдау орталығы ауданның қыз-келіншектеріне кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасап, шағын несиелер бөлді.
Осындай аудан көлемінде жыл бойы атқарылған ауқымды жұмыстарда аудан әкімі Айтбай Көшербайдың үлесі зор болды.
К. МАХСҰТ