Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балық-халық байлығы

Балық-халық байлығы

«Ғасыр жобасының» іске асып, Көкарал бөгетінің салынуы су маржанымен танымал, айдынды Аралға дем берді. 2000 жылмен салыстырғанда балық аулау көлемі 20 есеге өсті. Өткен жылы 8740 тонна балық ауланса, оның 3410 тоннасы экспортталған екен.
Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асқан «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын жандандырды. Әсіресе, балық шаруашылығы серпін алып, аквамәдениет аяғынан тұрды. Бүгінгі таңда облыста жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан аса өнім шығаратын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның төртеуі соңғы 5 жылда салынды. Сондай-ақ, «еврокод» белгісі бар 4 зауыт өнімін экспортқа шығаруға мүмкіндік алды. Өткен жылы 3410 тонна балық өнімі 9 мемлекетке жөнелтілді. Бүгінде Ресей, Грузия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Польша, Голландия, Дания, Германия және Қытай елінде Аралдың балығына сұраныс бар.
Иә, «Мемлекет Басшысының бастамасымен іске асқан «ғасыр жобасы» - «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС-1) жобасы балық шаруашылығын жандандыруға және дамытуға мол мүмкіндік берді.  Қазір  балық аулау көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге артты, 2017 жылы 8740 тонна ауланды»,
Балық өңдеу зауыттарын қосымша шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында өңірдің аквамәдениеті де дамыды. Өткен жылы облыстағы 10 шаруашылық 107 тонна тауарлы балық өсірді.  Биыл бұл көрсеткішті 130 тоннаға дейін көбейту жоспарланған.
Сұраныс бар жерде ұсыныс та бар. Қазір Аралдың балығы Ресейде де өңделеді. «СПК Қызылорда балық» ЖШС құрылтайшысы, жергілікті кәсіпкер Аманбай Ерхатов аудандағы ТОО Бөген, «Қарашалаң сервистік дайындау орталығы», зауыттарынан бөлек 2016 жылы Ресейден де зауыт салды. Ульяновск облысы, Тинск ауылынан ашқан «Рыбный край Димитровград» Қазақстан Ресей бірлескен кәсіпорнында қазіргі таңда 80-ге жуық адам еңбек етіп жатыр. Негізінен зауытқа шикізат Кіші Арал теңізінен жеткізіліп отырады және ондағы өңделген су маржандары Мәскеу, Сант-Петербург, Нижний Новгород, Ростов на Дону, Казансекілді ірі қалаларға  сатылымға шығарылады.
-«Арал балық өңдеу зауытын» ЖШС-нде жылына 300 тонна балық өңделіп, Ресей мен Еуропа нарығына жол тартады.Балық өңдеу зауыты 2009 жылы құрылды. Қазір 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, маусым кезінде 100-120 адамға дейін көбейтеміз. Қазір зауытта көксерке, сазан, шортан балықтарының сүбесі, мұздатылған балық, балық уылдырығы, фаршы секілді өнімнің 13 түрі шығарылады. Мәселен, 2017 жылы Еуропаға 220 тонна, Ресейге 80 тонна балық жөнелттік. Биылғы межеміз – 400 тоннаны құрап отыр. Еуропада әсіресе, көксеркенің кеспесі мен ұрты өтімді. Алдағы уақытта да осы бағытта тындырымды жұмыстар атқаратын боламыз,-дейді атқарушы директоры Гүлмира Рысмамбетова.
Света Үсенқұлова
16 сәуір 2018 ж. 1 794 0