ТЕҢІЗ ТӨСКЕЙІНДЕГІ БЕРЕКЕЛІ ТІРЛІК

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау" жобасы шаруашылықты жандандыруға мол септігін тигізді. Осының нәтижесінде су Арал қаласына 17 шақырымға дейін жақындады. Көлемі 20-30 мың гектардан асатын ондаған ірі көл қалпына келді. Жойылып кеткен балық түрлері қайта оралды. 2000 жылмен салыстырғанда су маржанын аулау 20 есеге артып, 8 мың тоннаға дейін жетті.
Шикізат болса, өңдеу де, экспорт та жолға қойылады. Аз уақыт ішінде ата кәсіппен айналысушылар қатары көбейіп, өнеркәсіп ашушылар артты. Қазіргі таңда ауданда 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның төртеуі терең өңдеумен айналысса, екеуі қатыру, мұздату, ыстау секілді жеңіл түрлерін қамтиды. Былтыр іске қосылған, жылдық қуаты 2500 тонна болатын "Ар-М-Кон" ЖШС кәсіпорны да өз ісін дөңгелетуде.
Бүгінде Арал балығы Еуропа нарығына шықты. Кәрі құрлықта біздің өнімдерге деген сұраныс артып келеді. Қазір экспорттық әлеуетті одан әрі арттырудың жолдары қарастырылуда. Мәселен, Польшаға 405 тонна, Грузияға 133,2 тонна, Әзербайжанға 120 тонна өнім жөнелтілген. Меже бұдан да жоғары болуы қажет. Себебі, табыстың көзі – сыртқы саудада.
Балық шаруашылығы турасындағы оң өзгерістерді одан әрі тізе беруге болады. Өйткені, ата кәсіптің ауқымы кеңейіп, бизнесті бүгінгі заманға сай жандандыру жолға қойылып келеді. Сонымен қатар, жарты ғасырға жуық уақыт үзіліп қалған балықшылар слеті соңғы жылдары қайта жанданып, дәстүрлі түрде өтіп келеді. Бұл – теңіз төскейіндегі берекесі артқан тірліктің, дүркіреген думанның көрінісі.
М.ҚҰРМАНӘЛІ.