Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңіз төскейіндегі мәселелер түйіні

Теңіз төскейіндегі мәселелер түйіні

Апта басында Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының аясында Астана қаласында Арал өңірін дамытуға бағытталған «Арал достары» халықаралық симпозиумы өтті. Тиісті министрлік өкілдері, халықаралық қауымдастықтар мен қаржы ұйымдарының және Қазақстандағы шетел елшілерінің қатысуымен болған ауқымды шарада айдынды өңірді қалпына келтіру, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру және ондағы тұрғындарға көмек көрсету мәселелері талқыланды.
Бұрын ауқымы жағынан әлемде төртінші орын алатын теңіздің бүгінгі тағдыры тек бізді емес жаһан жұртын да алаңдатқаны жасырын емес. Судың төрттен үш бөлігінің жойылып кетуі экологиялық түйткілдер туындатып, жергілікті халықтың денсаулығына орасан зиян тигізді. Сонымен қатар, тіршілігін теңізбен байланыстырған жұрттың әлеуметтік жағдайының төмендеуі де олардың бұл маңнан көшіп кетуіне себеп болды. Дәл осындай экологиялық әрі экономикалық қиыншылықпен күрес тәуелсіздігін енді алған Қазақстан секілді мемлекет үшін оңай емес-тін. Алайда, Елбасының Арал өңірі тұрғындарына деген ерекше қамқорлығы мен жігерінің арқасында жаһандық мәселенің түйіні тарқатыла бастады. Осылайша айдынды өңір тұрғындарының кеудесінде теңіз қайта оралады деген үміт оты тұтанды. 
Арал мәселесін шешу мен әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған халықаралық симпозиумның алғысөзін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алып, өңірде жасалып жатқан оң өзгерістерге тоқталды. Сондай-ақ, Арал проблемасын тиімді шешудің жолдарына тоқталып өтті.
– Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елдегі экономикалық қиын жағдайға қарамастан, Елбасы тарапынан Арал проблемасын шешуге ерекше қолдау көрсетілді. Президент бастамасымен құрғап бара жатқан теңіздің қоршаған ортаға кері әсерін азайту үшін  ғасыр жобасына баланған «САРАТС» жобасы жүзеге асырылды. Елбасының бұл қамқорлығы Дүниежүзілік банктің қолдауымен іске асып, Арал халқына зор қуаныш сыйлады. Нәтижесінде теңіз деңгейі көтеріліп, бір кездері жойылып кеткен балық түрлерінің оралуымен шаруашылық жанданды. Су маржанын аулау көлемі артқандықтан, балық өндірісі де өрістеді. Бүгінде Еуропа мен көрші мемлекеттерде Арал балығының танымалдығы артып келеді. Сонымен қатар, өңір балықшылары 4 балық зауытынан бөлек, Ресейдің Ульяновск аймағында да өздерінің бизнестерін жалғастырып, кәсіпорын салды. Мұның барлығы теңіз жағалауындағы тұрғындардың арман-тілегі болатын, – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ, Арал мәселесіне алаңдап, жобаларды қолдауға қол ұшын созған әріптестеріне алғысын жеткізді.
Халықаралық симпозиумда сонымен бірге, ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Бекішев экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған шараның маңызы жоғары екенін және бұған мемлекет ерекше мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы тұрақты үйлестірушісі және БҰҰДБ тұрақты өкілі Норимаса Шимомура Арал мәселесіне қатысты өз ойын білдірді.
– Біздің қызмет аясына Арал теңізін бұрынғы қалпына келтіру және экологиялық мәселелерін толық жою кірмейтіні құпия емес. Дегенмен, біз осы проблеманың қоршаған ортаға және осы аймақта әрі оның сыртында тұратын миллиондаған адамдарға жойқын әсерін жергілікті халық үшін әлеуметтік және экономикалық көмекті барынша арттыру арқылы азайта аламыз. Ендігі жұмысымыз аймақ тұрғындары үшін лайықты жұмысқа орналасып, үздік сапалы әлеуметтік қызметтерді алуға, өмірлерін жақсартуға көмектесу, – деді ол өз сөзінде.
Симпозиум жұмысының келесі бөлімінде «Астанаға Аралдан сәлем» атты бейнеролик көрсетіліп, қатысушылар теңіз төскейіндегі халықтың бүгінгі тұрмысымен танысты. Одан соң  жобалар мен ұсыныс-пікірлерге кезек берілді. «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев және «Назарбаев Университеті» ДББҰ президенті Шиего Катсу модератор қызметін атқарып, қатысушыларды ашық пікір алаңына шақырды.
Осы отырыста Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы Арал өңіріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға 3 млн доллар бөлуге ниетті екенін білдірді. Мұны БҰҰ-ның резидент-координаторы, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура мәлімдеді.
– Дүниежүзілік банк, Халықаралық Аралды құтқару қоры және көптеген ұйым аталған мәселені шешуге өз үлестерін қосуда. Қазіргі таңда Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аталған проблеманы шешуге ниетті. Біз қызылордалық әріптестерімізбен біріккен жобаны жүзеге асырмақпыз, – деді ол. 
Жобаларды жүзеге асыруға бөлінетін қаржы көлемі – 3 млн доллар. Жоба негізінен 3 бағытқа бөлінген. Ол – әлеуметтік, экологиялық және экономикалық салалар. Мәселен, Арал өңірінің тұрғындары бұрын балық шаруашылығымен айналысқанымен, қазір жаппай бұл кәсіпті атқара алмайды. Осы орайда жоғарыда аталған жобаларда тұрғындарға ақша табудың альтернативті жолдары көрсетілмек. Микроқаржыландырудың механизмдері немесе суды дұрыс пайдаланудың жолдары да қарастырылады. Бұл жұмыстар Арал өңіріндегі әлеуметтік жағдайды жақсартуға септігін тигізетін болады.
Арал өңірін жан-жақты дамытуға халықаралық қауымдастықтар көмек көрсетуде. Мұндай қолдау облыстан да қарастырылмақ. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев биыл Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық жол картасына 114 млн теңге бөлінетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі  Ато Браун халықаралық қаржы ұйымының аталған мәселе бойынша алдағы уақытта атқаратын жұмыстарына бір тоқталып өтті.
– Арал экологиялық апаты – тек осы өңірдің ғана емес, әлем назар аударатын мәселе. Қазақстан осындай жаһандық проблемамен күресуде өзінің табандылығын көрсетті. Осыған байланысты Мемлекет басшысына, жергілікті билікке үлкен алғыс айту қажет. Теңізді қалпына келтіруге Дүниежүзілік банк те өз үлесін қосуда. Біз «САРАТС» жобасының бірінші кезеңінің жүзеге асуына қаражат бөлдік. Бұл экологиялық әрі экономикалық мәселенің бетін қайтаруға көмектесті. Ал екінші кезең бұдан да ауқымды әрі кешенді болмақ. Біз қазір Арал әлеуетін көтеретін тиімді жобаларға мониторинг жүргізудеміз. Мәселен, туризм, әлеуметтік мәселелерге назар аударамыз, – деді ол.
Халықаралық симпозиум барысында  Қазақстандағы шетел елшілері, табиғат қорғау мекемелері мен ғалымдар, халықаралық қор өкілдері мен Арал тағдырына алаңдаған азаматтар ойларын ортаға салды. Шараны қорытындылаған облыс әкімі бастамаларға қолдау білдірген азаматтарға алғысын жеткізіп, алдағы уақытта үлкен жобалардың жүзеге асатынына сенім білдірді.
М.ҚҰРМАНӘЛІ.
Астанақаласы
26 ақпан 2018 ж. 1 287 0