Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » СОҢҒЫ 17 ЖЫЛ ІШІНДЕ ОБЛЫСТА БАЛЫҚ АУЛАУ КӨЛЕМІ 20 ЕСЕГЕ ӨСТІ

СОҢҒЫ 17 ЖЫЛ ІШІНДЕ ОБЛЫСТА БАЛЫҚ АУЛАУ КӨЛЕМІ 20 ЕСЕГЕ ӨСТІ

   2000 жылмен салыстырғанда балық аулау көлемі 20 есеге өсті, өткен жылы ауланған 8740 тонна балықтың 3410 тоннасы экспортқа жіберілді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі мен Үкімет мүшелерінің Арал ауданындағы балық өңдеу зауытының жұмысымен танысу барысында облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов мәлімдеді.
  Бүгінгі таңда облыста жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан аса өнім шығаратын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді, оның 4-і соңғы 5 жылда салынды. Сондай-ақ, «еврокод» белгісі бар 4 зауыт өнімін экспортқа шығарып отыр. Мәселен, өткен жылы 3410 тонна балық өнімі 9 мемлекетке - Ресей, Грузия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Польша, Голландия, Дания, Германия және Қытайға экспортталды.
  "Мемлекет Басшысының бастамасымен іске асқан «ғасыр жобасы» - "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау" (САРАТС-1) жобасы балық шаруашылығын жандандыруға және дамытуға мол мүмкіндік берді.  Қазір  балық аулау көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге артты, 2017 жылы 8740 тонна ауланды", - деді Серік Қожаниязов.
  Сонымен қатар, балық өңдеу зауыттарын қосымша шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында өңірдің аквамәдениетін дамыту жұмыстары жүруде. Өткен жылы облыстағы 10 шаруашылық 107 тонна тауарлы балықтар өсірді, биыл бұл көрсеткішті 130 тоннаға дейін көбейту жоспарланып отыр.
Айта кету керек, жергілікті кәсіпкер Аманбай Ерхатов 2016 жылы Ульяновск облысы, Димитровград қаласында (Ресей Федерациясы)   Арал балығын өңдейтін зауыт салды. Бұл зауыттың балық өнімдері Мәскеу және Санкт-Петербургтің сауда орындарында сатылуда.
  Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бастаған үкіметтік делегация Қызылорда облысына жұмыс сапарымен бүгін  келді. Делегация құрамында ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы,  Инвестиция және даму, Ұлттық экономика, Ақпарат және коммуникациялар министрлері, сондай-ақ, орталық мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың және даму институттарының басшылары бар.
  Сапар барысында Бақытжан Сағынтаев пен делегация мүшелері облыс активімен және кәсіпкерлермен, сондай-ақ әлеуметтік сала өкілдерімен кездесті.

kyzylorda-news.kz

29 наурыз 2018 ж. 1 417 0