Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ДЕРЕКТЕР СӨЙЛЕГЕНДЕ... 

ДЕРЕКТЕР СӨЙЛЕГЕНДЕ... 

7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді
Ауданда жылдық қуаттылығы 18900 мың тоннадан астам 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Бүгінгі күні 4 зауыт, атап айтқанда, «Арал балық өңдеу зауыты», «Арал СДО», «Камбала балық балықшылар өндірістік орталығы», «СДО Қарашалаң» ЖШС-нің балық өңдеу зауыттары балықты терең өңдеумен, ал «Ар-М-КОН», «Бөген СДО», «Қуаныш» шағын балық өңдеу зауытта­ры балықты қатыру, мұздату және ыстау сынды жеңіл өңдеумен айналысады. Ауданда Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін Еврокод белгісі тек «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС балық өңдеу зауытында ғана бар.
1108,45 тонна балық өнімдері экспортта
Арал аудандық аумақтық инспекциясының 28.05. 2018 жылғы мәліметі бойынша 1108,45 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылған. Оның ішінде Ресейге – 657,36, Польшаға –210,60, Грузияға – 160, 49, Украинаға – 80 тонна жөнелтілген. Аудандағы негізгі экспорттаушы кәсіпорындар «Арал СДО», «Қуаныш» ЖШС, «Камба­ла балық БӨО» ЖШС, ЖҚ «Кошекбаев Д» («Камбала балық БӨО ЖШС және ЖК «Т.Игликов» арқылы), ЖК «Караев Ж» (ЖК «Т.Игликов арқылы), ЖК «Кошкарба­ев С» (Камбала балық БӨО ЖШС және ЖК «Т.Игликов» арқылы) шығарып отыр.
14 миллион 800 мың дана шабақ өсірілуде
Аудан орталығынан 120 шақырымдағы Қосжар ауы­ лында орналасқан Қамыстыбас балық өсіру питомнигі мен оның Тастақ учаскесінде балық өсіруге арналған арнайы инкубациялық цехтары бар. Оның 1-еуі гуманитарлық көмек арқылы Израильден әкелініп, құралдармен жабдықталған. Облыс көлемінде табиғи су айдындарының балық қорын көбейту мақсатында республикалық бюджеттен жыл сайын Кіші Арал теңізіне және Ақшатау көлдер жүйесі мен Примор­ский, Қамыстыбас көлдер жүйесіне осы «Қамыстыбас балық питомнигі» РМКҚ арқылы 14 млн. 800 мың дана бір жылғы майда шабақтар және 420 мың екі жылғы шабақтар жіберіліп өсірілуде.
14 көлдің иесі бар
Кіші Арал теңізінде бүгінгі күнге дейін 18 балық ау­лау учаскесі болса, олардың барлығында қазіргі кез­де ұзақ мерзімге бекітіліп берілген өз иелері бар. Бұдан басқа, ауданда 20 көл бар. Оның 14-і пайдаланушыларға ұзақ мерзімге бекітіліп берілген. Ал, 6 көл резервте болғандықтан, иесі анықталмай, пайдаланылмай тұр.
11 шілде 2018 ж. 2 191 0