Ұстаздардың еңбекақысы өсті
Білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысы бірден 27%-ға, сатып алу қабілеті 18%-ға өсті, деп жазады Egemen.kz.
Ranking.kz зерттеуіне сүйенсек, 2021 жылдың екінші тоқсанында білім беру саласында 528,4 мың адам жұмыспен қамтылған, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,5%-ға артық.
Сарапшылар аймақтық жағдайда білім беру қызметкерлері Алматы облысында көп (68,3 мың адам) екенін жазады. Алматы мен Шығыс Қазақстан облысы да үздік үштікке енген. Ал Атырау облысының білім беру саласында тек 14,2 мың адам ғана жұмыспен қамтылып, ең аз көрсеткіш көрсетті.
Білім беру қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 2021 жылдың екінші тоқсанында 233,9 мың теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 26,8%-ға көп.
Өңір бойына қарастырсақ, елордадағы білім беру саласының қызметкерлерінің табысы жоғары – 350,8 мың теңге. Бұл бір жыл бұрынғыдан 17,6% көп. Екінші және үшінші орындарды Маңғыстау облысы (268 мың теңге) мен Алматы (265,5 мың теңге) иеленді. Ең нашар көрсеткіш Батыс Қазақстан облысында тіркелді. Ол жақта педагогтердің орташа жалақысы – 200,7 мың теңге.
Сарапшылар көрсеткендей, 17 аймақтың бесеуінде ғана педагогтердің еңбекақысы республикалық орташа жалақы деңгейінен асып түсті. ТОП-3-тен басқа, бұл бестікке Қызылорда мен Алматы облыстары да кіреді.
2022 жылдың қаңтарында балабақша тәрбиешілері, мектеп пен колледж ұстаздарының жалақысы тағы 25%-ға өседі. Сонымен қатар, 2021 жылдың қыркүйегінен бастап мұғалімдерді жұмысқа қабылдау мен білім беру ұйымдарының директорын тағайындау ережесі өзгереді.
syrboyi.kz