Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Pfizer вакцинасы балаларға тиімді ме?

Pfizer вакцинасы балаларға тиімді ме?

«Pfizer-BioNTech» COVID-19 вакцинасы 5 пен 11 жас аралығындағы балаларға 90,7% тиімділігін растады. Бұл туралы Pfizer компаниясы жұма күні мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Фармакологиялық компания АҚШ-та аталған жас санатына вакцинаны жедел қолдануға рұқсат алу үшін өтінім жіберді. Ол АҚШ-тың Дәрі-дәрмек жөніндегі федералды агенттігінің сайтында жарияланған.
Pfizer келтірген деректерге сәйкес, екінші дозадан кейін кем дегенде жеті күн өткеннен кейін вирустың симптомдық формаларына қарсы вакцинаның тиімділігі 90,7% көрсетті. Зерттеу 5-11 жас аралығындағы 2 250 балаға жүргізілді. Олардың 1 500-і вакцина, ал 750-і плацебо алды. Pfizer компаниясы вакциналаудан кейін ауыр ауру түрлері мен мульти қабыну синдромы немесе миокард жағдайлары тіркелгемегенін хабарлады. Балаларға арналған дозаның мөлшері – 10 микрограм. Ересектерге 30 микрограмм салынады.
Бір ай бұрын Pfizer вакцинаның 5-11 жастағы балаларға қауіпсіз және тиімді екенін мәлімдеген, алайда оның дәлелдері әлі болмаған.
Вакциналар бойынша ішкі сарапшылардан тұратын АҚШ-тың дәрі-дәрмек жөніндегі федералды агенттігінің кеңес беру комитеті 26 қазан күні Pfizer өтінімін қарастыру бойынша кезекті отырыс өткізеді. АҚШ-тың денсулық сақтау органдары 5-11 жас аралығындағы балаларға Pfizer вакцинанын егуге рұқсат етсе, балаларды вакциналау науқаны қарашаның басында басталады деп күтілуде.
АҚШ билігі осы аптаның басында ел бойынша вакцинаның миллиондаған дозасын халық арасында бөлуді тездететінін мәлімдеді.
Еуропа дәрі-дәрмек агенттігі осы аптада бес жастан асқан балаларға коронавирусқа қарсы Pfizer-BioNTech вакцинасын егуді кеңейту бойынша өтінімді қарастыра бастады. Бельгияның вакциналау бойынша мақсатты тобының өкілі елдің Еуропа дәрі-дәрмек агенттігінің бағасына сәйкес 12 жасқа дейінгі балаларды вакциналау бойынша шешім қабылдайтынын айтты.
Қазіргі кезде вакциналау сертификаты Green Pass Еуроодақ елдерінің көбінде 12 жастан асқан азаматтардан қоғамдық шараларға, дәмханалар мен мейрамханаларға барған кезде сұралады.
24 қазан 2021 ж. 372 0