Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқушыларда каникул басталды

Оқушыларда каникул басталды

Қазақстан мектептерінде бірінші тоқсан аяқталды. Оқушылар бірінші қарашадан күзгі демалысқа шықты. Каникул тура бір аптаға созылады. Дүйсенбі, 8 қарашада балалар мектепке қайта оралады.Келесі каникул – Жаңа жылда. Қысқы демалыс 30 желтоқсаннан 9 қаңтарға дейін созылады.
Ал көктемде 12 күн – 19 мен 30 наурыз аралығында демалады.
1-сыныптар үшін қосымша жеті күн демалыс берілген, ол 2022 жылдың 7-13 ақпанына тура келеді.
Магистратураға құжат қабылдау
Білім саласында тағы бір жаңалық бар. Бүгін, 1 қарашадан магистратураға түсу үшін екінші рет өткізілетін кешенді тестілеуге құжат қабылдау басталады.
Ол үшін Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында тіркелу қажет. Құжат 1-15 қараша аралығында қабылданады. Кешенді тестілеу 18 қараша мен 11 желтоқсан аралығында өтеді. Тесті сәтті тапсырған үміткердің магистратураға бөлінген грантты ұтып алуға мүмкіндігі бар.
Үміткерлер дәстүрлі түрде шет тілі, білім бағдарламалары тобының бейіні бойынша және оқуға дайындығын анықтау бойынша тест тапсырады. Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаты бар адамдар автоматты түрде тестілеуден босатылады.
Мемлекеттік білім тапсырысы және ақылы негізде ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін шекті балл – 75, бейінді магистратура үшін 50 балды құрайды.
Магистратураға білім гранттарын тағайындау конкурсына құжаттар 25 желтоқсанға дейін қабылданады. Магистратураға қабылдау 26 желтоқсан мен 10 қаңтар аралығында өтеді.
Бұған дейін білім министрі Асхат Аймағамбетов магистратураға оқуға қабылдау жылына екі рет өткізілетінін хабарлады. Жазда грантқа түсе алмағандар және бұрын кешенді тестілеу тапсырмағандар үшін күзде екінші мәрте кешенді тестілеу ұйымдастырылады.

01 қараша 2021 ж. 758 0