Өзгенің киімін киюге бола ма?
Бүгінде кейбір жақын араласатын жандар бір-бірімен киім алмастырып киіп жүре береді. Бұрынырақта өзгемен киім ауыстырып кию тыйым салынған ырымға саналған. Осы киім арқылы біреудің тағдыры енді біреуге ауысуы мүмкін бе?
Жағдайымыз жақсарып, тұрмысымыз түзелсе де, той-томалаққа құрбысының, досының көйлегін, тіпті әшекей, алтын бұйымдарын бір күнге сұрап киетіндер әлі де бар. Мұндай жандарда «азғана уақытқа бола жаңа көйлек сатып алып қайтемін?» деген ой билеп алған. Олар жаңаны сатып алуға ақшасын қимайды. Осыған қарама-қарсы пікірдегі адамдар ескіні тастауға қимай «сапасы жақсы, маған сыймай қалды. Киіп тоздырып таста» деп, құрбысына, таныстарына беріп жатады. Мұндайда «Өзгенің киімін киюге бола ма?» деген сауал туындайтыны анық. Медицина мамандарының бұған деген көзқарасы қандай екен?
Ежелгі таным бойынша адам мен оның заттары арасында ерекше энергетикалық байланыс бар деп саналады. Сондықтан дұға оқып, қастық жасау үшін әлгі адамның бір киіміне қол жеткізсе, сол да жетеді деп есептелген. Киімді адамға зиян келтіріп қана қоймай, сонымен бірге сәттілік, одан да басқа жақсылықтар келтіру үшін де «оқыған». Әрине, үйдегі ескі-құсқысын таратып беріп, жолым ашылды деп жататындар көп кездеседі. Бірақ адамдар киген киімін бұрындары кім көрінгенге бере бермеген. Көбіне, жақын адамдарына берген, өйткені ол туысқанына жамандық ойламайды деп санаған. Тіпті, қайырымдылық мақсатта киілген киімдерді мешітке немесе тағы бөтен біреулерге таратып бергіңіз келетін болса, онда оны алдымен арнайы тәсілмен жуып алған жөн. Ертеректе адамдар біреуге беретін киімін тұзбен жуған. Бүгін де дәл солай жасауға болады. Мысалы, кір ұнтағына тұзды қосасыз, ал аяқ киімді кенеп қапқа салу керек.
Ерте заманда тағы мынандай бір ырым болған. Егер адам ауырып қалса, туыстары оның көйлегін киіп, үйден аулақ кетіп, тойға немесе жәрмеңкеге барып, көңіл көтеріп қайтқан. Немесе оны алып кетіп, қайыршы адамға берген. Осылайша, адамдар туысқандарының ауруын бөтен адамға «ауыстырған». Сондықтан, бұрын қолданылған заттарды сатып алу кезінде және оны кигенде аса сақ болған жөн.
Бұл жөнінде эзотериктер қандай уәж айтады? Эзотерика дегеніміз – бұл білім мен дін арасындағы шындықты зерттейтін, құбылыстардың ішкі байланыстарын түсіндіретін ілім. «Жер бетіндегі барлық тірі және жансыз заттардың энергетикасы бар. Сол сияқты әр адамда да энергетика болады. Адам энергетикасының белгілі бір бөлігі ол қолданған заттарда, киімдерде қалып отырады. Мұндай ақпараттарды экстрасенстер ғана «оқып, көре» алады. Энергетиканың жақсысы да, жаманы да кездеседі. Ол келесі бір адамның биөрісіне әсер етпей қоймайды» дейді эзотерика мамандары. Энергетиканың бір бөлігі дегені – қолдың, аяқтың, саусақтың, терінің, тағы басқа іздері. Мысалы, қылмысты ашу кезінде оқиға болған жердегі есік, терезе және сейф тұтқалары, тұрмыстық заттарда қалған қол іздері арқылы іздестіру жүргізілетінін жақсы білеміз. Демек, эзотериктердің бөтеннің киімі арқылы теріс энергетика беріледі дегеніне сенуге болады. Десек те, мамандардың айтуынша, отпен – балауыз шаммен аластау арқылы өзгенің жағымсыз энергетикасын жоюға болады екен. Мамандар "тері аурулары киім, сүлгі, тарақ, тырнақ алатын, қайшы, ұстара, аяқ киім, тағы басқа заттар арқылы жұғады. Бұл аурудан сақтану үшін өзгенің терімен жанасатын кез келген бұйымын қолданбаған дұрыс әрі өзгенің киіміне құмартпай-ақ қойғаныңыз абзал. Әйтсе де, хлормен немесе ыстық суда антибактериальды жуғыш ұнтақпен үш рет жуылған киім жұқпалы бактериялардан түгелдей тазарады" дейді.
Ал дін мен салт-дәстүрімізде бұл тұрғыда не айтылған? Ислам дінінде басқа біреудің киімін киюге болмайтыны туралы нақты ешнәрсе айтылмағанымен, Аллаһ тағала Құран Кәрімнің 74-сүресінің 4-аятында: «Киіміңді тазала» деп бұйырған. Ал халқымызда киіммен байланысты шала туылған нәрестені тымаққа салу, иткөйлек, баланы бесікке салғанда бесік үстіне жеті түрлі сырт киім жабу, жаңа түскен келіннің басына ақ жаулық жабу, ұзатылған қыздың артынан киім апару, күйеу киімі, шапан жабу, тағы да басқа салт-дәстүр көп. Сондай-ақ, киімді «бисмилла» деп ки, аяқ киімді төңкеріп қойма, бас киімді баспа, шалбарды түрегеп тұрып киме деген сыңайлы тыйымдар мен баласы жоқ келіншектердің бала туған аналардан иткөйлек алатын ырым да бар. Бұл ырымдардың әрқайсысында терең тәлім жатыр. Тәлім-тәрбие демекші, адамның мінез-құлқына ғана емес, киген киіміне де қарап «тәрбиесіз», «тәрбиелі» деп айтып жатады. Демек, киім – адамның денесін ыстық пен суықтан қорғаушы ғана емес, сонымен қатар ар-ұятына да қорған.
Түйін. Адамды басқа тірі тіршілік иелерінен ажыратып тұрған ең бірінші ақыл-санасы болса, екіншісі – киімі. Олай болса, киімге үлкен құрметпен қарап, оны басқаға берудің және өзгенікін киюдің қажеті жоқ-ау. Ал сіз не дейсіз, қадірлі оқырман?
К.Махсұт