Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа Қазақстанды құру – жастардың қолында

Жаңа Қазақстанды құру – жастардың қолында

Жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзін мұқият тыңдадық. Мәжілісте Мемлекет басшысы ел-жұрт арасында қордаланып қалған өзекті мәселелерді қозғап, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді.
Жаңа Қазақстанды құруға атсалысу біздің, әсіресе жастардың да парызы деп ойлаймын. Мемлекет басшысының «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына өзгеріс енгізу қажет дегені мемлекеттің жастарға деген қамқорлығының бір парасы іспетті. Осы жоба аясында жастардың жұмыс істеу мерзімін ұзартып, жалақы мөлшерін көбейту туралы  тапсырма бергені және жастар бастамаларына берілетін гранттардың құнын екі есеге, яғни 400 АЕК-ке дейін өсетіні көңілімізге қуаныш ұялатты.  Алдағы уақытта Үкімет тез арада шешім қабылдап, жастарға қолдау көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен бірге  әлеуметтік осал топтағы іскер жастарға тың идеяларын жүзеге асыруға таптырмас мүмкіндік болғалы тұр.
Президент Қ.К.Тоқаев "Жақын арада Ресейдің озық техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жоспарлануда. 2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік университеттердің кемінде 5 филиалын ашу қажет деп санаймын. Жалпы, бәріміз білімге деген көзқарасты өзгертуіміз керек",– деген болатын. Бұл  білімге құштар жастардың болашағына даңғыл жол ашылып, білім алу үшін шетел асудың қажеттілігі азаяды, елде білікті жастар көбейеді дегенді білдіреді. Сөйтіп, өз Отанымызда білім алып, туған жердің өсіп-өркендеуіне үлес қосуымызға бар жағдай қарастырылмақ.
Осы тұрғыда Мемлекет басшысы айтқан ұсыныстар мен алға қойылған тапсырмалардың нақты орындалуы үшін әрбір азамат бар қажыр-қайратын, білім-білігін аямай еңбек етсе, еліміз жаңарып, дамитыны сөзсіз.
Әнуар ТОҚТАМЫСОВ,
"AILAQ"жастар ресурстық орталығының маманы
18 қаңтар 2022 ж. 1 840 0