Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскерге бару – азаматтық борышың

Әскерге бару – азаматтық борышың

Қазір еліміз бойынша азаматтардың әскерге баруы немесе сол әскерге деген екіұдай пейілі жұрт назарында тұрған ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бірі жақтайды, енді бірі жата кеп даттайды. Айналып келгенде, Отан алдындағы борышын өтеу кез келген ер азаматтың міндеті екенін ескермей жатамыз. Расында Отанға қызмет ету азамат үшін сол міндетті әскери борышын өтеуден басталатынын бірі білсе, бірі білмес. Солай екенін біле тұра «бармай жүрген жалғыз мен бе?» деген қасаң ойдың жетегіндегілер қаншама?! Біз бүгін әскерге барғандар мен барар-бармасын білмей жүргендер немесе жоқ жерден себеп іздеп барудан бас тартып жүргендер жайында сөз қозғаймыз.

Байқайсыз ба, еліміз тәуелсіздік алғанға дейін кәмелет жасына толып, бүгінде жігіт ағасына айналған азаматтардың өмірбаянына үңілсеңіз, екі жыл қатарынан одақтас елдер құрамындағы елдерде Отан алдындағы әскери борышын өтеген. Бұл – сол заманның қисаңдауға жол бермейтін темірдей тәртібінің нәтижесі. Қол-аяғы бүтін болса болды басқасына қарамай, қару асындырған сол заманның қатал заңын көксейтін де солар. Ал қазіргі жастарда бұрынғыдай емес еркіндік көп. Білім алса жетілікті деген ой екінің бірінің санасына сіңіп қалғаны соншалық, көбі оқысам, ақша тапсам, бай-бақуатты болсам деп еліктеушілікпен күн өткізуде. (Шындап келгенде кімнің наны неден жүретіні бір Аллаға аян). Сонда қастерлі Отанымызды кім қорғап, алпауыт елдер арасындағы ұлан-ғайыр мына атырапты кім күзетпек?! Еліне, жеріне деген титтей де болса сүйіспеншілігі бар бүгінгі жастар соны да бір сәт ойлап қоюы керек. Дәл қазіргідей сын сағатта еліміздің тәуелсіздігі мен тыныштығын сақтап қалуда Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамы толық әрі сенімді деңгейде болуы өте маңызды болып отыр. Бұған дейін де азаматтардың Отан алдындағы борышын өтеу мәселесіне келгенде тосырқап қалатыны немесе жауапкершіліктен жалтарып жататыны жасырын емес. Бұл мәселенің олқылығын кешегі қаңтар оқиғасы да дәлелдеп бергендей. Соның артын ала бере Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев та азаматтардың әскерге баруға деген қызығушылығын оятатын түрлі тетіктерді қоғам болып ойластырудың маңызды екенін айтып қалды.
– Көптеген жас азаматымыз Қарулы Күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Бұл – Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек, – деді Президент.
Айталық, биыл еліміз бойынша 35 мыңға жуық азамат әскер қатарына алынуы тиіс. Бұл талап десек те болатын шығар. Осындай меженің артында облыс, аудандар бөлінісіне белгілі бер меже беріледі. Тиісті департаменттер мен бөлімдер сол межені орындауы тиіс. Ол үшін әрине жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс. Бірақ біз алдағы уақытта бұл межені мерзімінен бұрын және артығымен орындауға күш салуымыз керек. Ол үшін Президент айтқандай азаматтардың әскерге ерікті түрде баруын қамтамасыз ету маңызды. Бәлкім, әскери билеттің азаматтық қоғамдағы құнын көптеген құжаттардан биік ету маңызды шығар. Бұл жөнінде аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Б.Қуатовтың пікірін білдік.
– Негізі Президет көтерген мәселенің орынды екенін ашық айтқым келеді. Біз бұл мәселені бұған дейін де айтып келеміз. Ал оған мемлекеттік деңгейде мән берілгені дұрыс болды. Қазір депутаттар да осы мәселені биік мінберлерде көтеріп жатыр. Орынды әрине. Бұл жерде басты мәселе әскер қатарында болған азаматтарға түрлі тетіктер бойынша жеңілдіктер қарастыру. Мәселен, азаматтардың мойнында несиелері болса, оны әскер қатарынан алынған сәттен бастап бір жыл мерзімге тоқтата тұру немесе әскерден келгеннен кейін жұмысқа орналасу мәселесін қарау сынды жұрт қызығатындай тетіктер ойластыру және оны жүзеге асыру маңызды. Біз әзірге аудандағы көрсеткішті өз деңгейінде орындап келеміз. Әр күзгі, көктемгі әскерге шақыру маусымында біз ауданға қарасты ауылдарды аралап, ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Түрлі билбордтар дайындап, азаматтардың әскери салаға деген қызығушылығын оятуға күш саламыз, – дейді аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Б.Қуатов.
Бүгінде мерзімді әскер қатарына Арал ауданы бойынша 2022 жылы көктемгі мерзімді әскери қызметке 90-ға жуық 18-27 жас аралығындағы азаматтарды заңға сәйкес шақыру көзделген. Оның ішінде ҚР ҰҚК Шекара қызметі қатарына –18, ҚР Қарулы Күштері қатарына – 41, ҚР Мемлекеттік күзет қызметы қатарына –1, ҚР ІІМ Ұлттық ұлан қатарына 30 азамат таңдалып алынбақ. Бұл жұмыстар бүгінде басталып та кеткен. Алайда осы әскер қатарына барғысы келмей түрлі сылтаулармен жалтарып жүрген азаматтарға де заң тұрғысынан жауапкершілік жүктелген. Десе де жастарды жауапкершілікке тартып, еркінен тыс әскерге жібергенше өз еркімен әскер қатарына аттануға құлшындыратындай мүмкіндіктер жасау маңызды. Қысқасы, кәмелеттік жасқа толған жігіт "маған әскерге шақыру билеті келмесе екен деп емес, келсе екен" деп күтіп жүретіндей болуы керек. Сонда ғана біздегі Қарулы Күштердің құрамы небір сайдың тасындай іріктелген жігіттерге толығып, күштік құрылымның қуаты артары сөзсіз. Бұл тұрғыда Арал қаласы әскери зейнеткерлер төрағасы, әскери зейнеткер Ж.Жұқабаевтың да пікірі осыған саяды.
– Байқаймын, қазіргі көп жастар әскерге барудан жалтарады. Оны бір құр босқа уақыт өткізу немесе мүмкіндіктерден қағылу деп ойлайтын шығар. Алайда кез келген жігіттің қолына қару ұстап, елдік мүдде жолында сапта тұруы абырой, ерлік, қала берді міндет екенін ұмытпауымыз керек. Қазір жастарға ермек көп. Ертеңгі өмірім не болады деп те бас қатырмайды. Ақша тапқысы келсе, кез келген жерде мүмкіндік бар. Тіпті мына қалта телефонымен де жатып алып ақша тауып жатқан жастар баршылық. Міне, сондай буын өсіп келе жатыр. Оларда әскерге бару немесе Отанға қызмет ету деген сынды патриоттық сезім жоқ болуы да мүмкін. Міне, біз ендігі жерде осы мәселеге ден қоюымыз керек. Үйде жатқан жас бала қайтсек өз еркімен әскер қатарына барады деген сұраққа жауап іздеуіміз керек. Президентіміздің кешегі жағдайға байланысты көтерген мәселесі осы. Қоғам болып осы теріс қағиданың жолын кесіп, өсіп келе жатқан жас буынға жаңа мүмкіндіктер тарту етуіміз керек. Мысалы, әскер қатарына алынған азаматқа әскери ерлігіне сай әскери шен беріп, оның қоғам алдындағы статусын жоғарылату керек шығар. Ол әскер қатарында жүріп иеленген әскери шені арқылы көптеген есіктерге еркін кіріп, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізсе. Өз таңдауына сай жұмысқа кедергісіз орналаса алатын жағдай жасаса. Әлеуметтік статусына сәйкес түрлі жеңілдіктерге ие болса. Мұның бәрі үлкен өмірге енді қадам басқан жастар үшін үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Сонымен қатар мектеп қабырғасындағы оқушыларды түрлі шаралар өткізіп, отансүйгіштікке баулуды қолға алу керек. Әскери саланың ардагерлерімен жүздестіріп, олардың өмір жолы мен ерлік жолдарын сол жас буынға үлгі ету маңызды, – дейді Ж.Жұқабаев.
Иә, әскер – өмір мектебі. Оның қазанында қайнап, сынағына шыңдалып шығу кез келген азамат үшін өмірлік олжа болатыны сөзсіз. Себебі әскерде тапсырма орындалуы керек. «Жоқ» деген олар үшін жарамсыз және қисынсыз жауап. Сонымен қатар әскерде болған азамат өмірде де проблемалармен бетпе-бет келгенде оны шешудің жолын іздейді. Кез келген сынаққа сынбайды, керісінше қарсы тұрады. Бүгінгі азаматтарда осындай қасиет байқала бермейді. Сол үшін үлкен өмірдің алғашқы баспалдағынан әр азамат өтуі керек.

А. БИСЕНОВ
22 ақпан 2022 ж. 1 971 0